Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық жарыста жерлесіміз тұғыр сатысына көтерілуге сынық сүйем қалғанда сүрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бәсекелестіктен гөрі бұра тарту көп болды ма дерсің. Ең сорақысы, 77 келіге дейінгі дәрежеде болды. Қос палуанымыз беттеп еді бозкілемге, алайда тұғыр сатысынан тек Демеу Жадраев қана көрінді. Шешуші сында сайыс қожайынымен жолыққан ол төрттағанда жатып белдесуде де, қарсы әдіс жасауда да сәтті қимылдаған-тұғын. Өкініштісі сол, Жадраев иемденген ұпайлар жергілікті спортшыға беріліп жатты. Қысқасы, әділдік иісі аңқығанда қазақстандық палуанның қолы көтерілетін еді, мұны тіпті жиналған көрермен де, әлеуметті желі арқылы ақпарат іздеген жанкүйерлер де байқады. Ал жеңіл салмақ, яғни 60 келіге дейінгі дәрежеде Айдос Сұлтанғалидің де, Мейрамбек Айнағұловтың да бабы келісті. Әлбетте, чемпион болмады. Айдос қиын топқа түскенімен, лайықты белдесулердің арқасында кіші финалда қапы қалмай, қарсыласының осал тұсын таба білді. Ал Айнағұлов жартылай финалда есе жіберсе де, қола медаль үшін өткен белдесуде сенімді өнер көрсетті. Енді бапкерлік құрам шеше жатар, негізінде Олимпиада ойындарының жолдамасы Мейрамбек Айнағұловтың еншісінде. Дегенмен халықаралық жарыстарда қай спортшы сенімді белдесіп, кімнің аяқ алысы көңіл қуантып келеді, жуық арада нақтысы белгілі бола жатар.
Сондай-ақ 87 келіге дейінгі дәрежеде ел намысын қорғаған семейлік Нұрсұлтан Тұрсынов та қазір жаттықтырушылар құрамының талқысына түсері сөзсіз. Турнирде жүлде ала алмағанымен, жалпы белдесуі ойдағыдай. Өкініштісі сол, тұғыр сатысына сәл қалғанда сүрінді. Бәлкім, кейбірі жүлдегер атанбаған спортшыны не үшін жазады деп сынай қарауы да мүмкін. Семейлік спортшының Алматыда өткен лицензиялық додада аса қарқынды белдесулер көрсетіп, чемпион атанғаны көпшілік есінде болар. Түркияда тұғырдан көріне алмауы төртжылдықтың басты бәсекесінен шет қалдыра қоймас деген сенім зор. Азамат Құстыбаев та ойындағы белдесуін көрсете алмады. Әйтсе де жолдама Тұрсыновтың қоржынында. Алдағы уақытта Токиоға Азамат Құстыбаев па, жоқ семейлік спортшы жол тарта ма, бапкерлік құрамның құзырында. Дей тұрғанмен шығысқазақстандық жаттықтырушылар семейлік спортшының баратынына бек сенімді.