Ресей Қытайға Қазақстан арқылы құбыр тартса, облысқа газ тартылуы мүмкін – Ермек Көшербаев

7881
көрілім

Жаңадан тағайындалған облыс әкімі Ермек Көшербаевтың аудандарға жасаған алғаш сапары Зайсан ауданынан басталды. Тұрғындар аудандық Мәдениет үйіне жиналып, көкейде қордаланған сауалдарын өңір басшысының өзіне қоюға оқталған. Аудан әкімі қызметін жуықта ғана бастаған Аэлита Ахметсәлімқызы да жерлестерінің уәжін тыңдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Зайсандықтар әр жылы өзектілігі сақталып отырған газ мәселесінен бастап, білім беру, денсаулық сақтау салалары, жұмыссыздық, жастарды қорғау, һәм жеңіл өнеркәсіпті де қозғады. Айталық, еңбек ардагері Раиса Шотаева алдымен балабақша тапшылығы байқалатынын жеткізді. Зайсан қаласы мен Қаратал ауылындағы емханалар 25 жыл бұрын балабақша ғимаратында орналасыпты. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Зайсанда туу көрсеткіші жоғарылап, халық саны артып келеді. Әсіресе, Зайсан қаласында. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жан балалар болашағын бүгіннен бастап ойлау қажет деді. Аталған емханалар заман талабына салынса, балабақша да алаңсыз жұмысын жалғастырады деп санайды. Ал газ мәселесі әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппай келеді.

- Зайсан ауданының әлеуеттік жағдайы өзге аудандармен салыстырғанда асып түспесе, еш кем емес. Тек бір мәселе, былтыр сегіз ауылдық округте газ тақырыбы талқыланып, халық бір қуанып қалып еді. Өкінішке қарай, мердігерлердің соттасуынан жұмыс екпіні саябырсыды. Биыл Дайырда басталды деп естідік. Дегенмен қозғалыс тым баяу. Осыған газ тарту саласынан хабары бар мамандарды шақырып, қосымша бригада құру орынды сияқты. Әйтпесе, сегіз ауылдық округтегі газ мәселесі қай уақытта шешіліп бітеді? - деді Раиса Шотаева.

Еңбек ардагері емхана мен балабақша мәселесін ары қарай жалғап, осындай түйткіл Қаратал ауылында да сақталғанын айтты. Бұл ретте облыс әкімі әр сауалға рет-ретімен тоқталды.

- Газ бойынша бюджетті тексергенде кейбір нәрселер белгілі бола түсті. Бірнеше ауылда құбыр жарылған және газ жеткізу жүйесін орнату бойынша миллиардтар жұмсалды. Қаржы бөлуді қазірше тоқтата тұру керек. Себебі, «Тарбағатай Мұнай» компаниясы басшыларымен сөйлескенде газ жеткізу қазір қиындап кетті. Соны тексеріп шығу керек. Біріншіден, халықты алдамау керек. Себебі, бұқара жұртты алдап бөлінген ақша мүлде басқа бағытта жұмсалса, оның сұрауы міндетті түрде болады. Компания басшыларымен сөйлесіп, газ қорын нақтылау керек. Бердібек Мәшбекұлы келіссөз жүргізіп, «Тарбағатай Мұнай» газ тартып бастаған еді. Сонда газ қоры он-он бес жылға жетеді деп айтылды. Бүгіннен алсақ, тағы он жылға жетуі мүмкін. Осыны айтқан адамдармен ашық сөйлесіп, бәрін бекіту керек. Іс сәтімен болса, жұмыс жалғасады. Әйтпегенде, тағы бір әдіс бар. Президент тапсырмасына сәйкес ресейлік серіктестермен бірлесе, жоспар құрылды. Егер Ресей Қазақстан арқылы Қытайға құбыр тартса, онда шығысқа да тартылатын түрі бар. Келіссөздер жүріп жатыр, - деді Ермек Көшербаев.

Зайсандағы ауруханада өзге аудандардағыдай емес, кредиторлық берешек жоқ екен. Бұл да оң көрсеткіш деді әкім. Ал ШҚО Энергетика және құрылыс басқармасының басшысы Дидар Кеңеспаев Раиса Шотаева сауалы негізінде емхана құрылыс жобаланып жатқанын жеткізді. Ермек Беделбайұлы балабақша мәселесі де шешімін табатынын алға тартты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ