Семейлік оқушы беделді шетелдік ЖОО-ға шақырту алды

647
көрілім

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Иманбаев Еркебұлан Абу –Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінде оқуға шақырту алды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Еркебұлан Иманбаев – республикалық, желілік пән олимпиадаларының бірнеше мәрте жүлдегері. Ол тиісті құжаттарын онлайн арқылы тапсырып, беделді оқу орнының шақыртуымен аталған қалаға 4 күнге барып қайтты.

- «Common Application» порталына жіберген құжаттарымның ішінде оқу үлгерімім, жетістіктерім, жазған эссем бар болатын. Абу-Дабиге барған сапарымда өзім сияқты әлемнің әр қиырынан келген оқушыларға білікті профессорлар сырттай бақылау жүргізді. Сол арқылы олар біздің қоғамда, әр ұлтты ортада өзімізді қалай ұстайтынымызды, бір-бірімізбен қалай араласатындығымызға дейін назар аударды. Сонымен бірге сол оқу орнының ұстаздары өткізген сабақтарға қатыстық. Араға көп уақыт салмай маған Абу-Даби қаласындағы Нью - Йорк университетінің студенті атана аласыз деген жауап келді. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдап, білімімді сол оқу орнымен байланыстырғым келеді, -дейді Еркебұлан Иманбаев.

Еркебұлан ағылшын тілін еркін меңгерген. Өзінің айтуына қарағанда, 2-ші сыныптан бастап шет тілін үйренуге ден қойған. Бүгінде сол талпынысы зая кетпегеніне дән риза.

Нью-Йорк университетінің Абу-Дабидегі кампусы 2010 жылы ашылған. Жалпы аталған оқу орнының бөлімшелері әлемнің әр қиырында бар. Тағы бір ерекшелігі, оқуға қабылданған студент 4 жылдық оқуын осы бөлімшелердің біреуінде жалғастыра алады. Жоғары білім деңгейінде дәріс алуды жоспарлап отырған Еркебұлан болашағын химиялық инженериямен байланыстырғысы келеді.