Семейлік палуандар облыстық турнирде сәтті өнер көрсетті

480
көрілім

Аягөз ауданында грек-рим күресінен 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында Афина олимпиадасына қатысушы, Әлем, Азия Кубогының иегері Нұрлан Қойжайғановтың жүлдесіне арналған облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Семей спорт академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жарысқа Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының грек-рим күресі бөлімінің жас жеткіншектері де қатысып қайтты.

Аягөздің төрінде төселген бозкілемнен 44 келіде Қайсар Рымхановқа, 75 келіде Нұраят Қайроллаевқа, 85 келіде Владимир Воронькоға бірінші, 48 келіде Диас Сейітқалиевқа, 52 келіде Ернұр Бауыржанұлына, 75 келіде Есентай Кенжебекке екінші орын бұйырда. Бұдан бөлек, 38 келіде жарыс жолына шыққан Дарын Құмарбеков, 41 келіде Саламат Ханжаров, 57 келіде Әли Қадылжанов, сондай-ақ 68 келі дәрежесіндегі Айқын Сағынбаев жүлдегерлер үштігін түйіндеді.