ШҚО әкімі Семей медициналық мекемелеріне жаңа автокөлік кілттерін табыс етті

249
көрілім

Өңір басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семейге барып қаланың медициналық мекемелеріне жаңа автокөлік кілттерін табыс етті.

– Індет тарап жатқан тұста дәрігерлерге мобильді болу өте маңызды. Бұл көліктерді дәрігерлер мен медбикелер пайдалану керек. Сондай-ақ біз Семейге жақын арада тағы бір компьютерлік томограф аламыз. Ол №2 қалалық ауруханаға жеткізіледі, – деді Даниал Ахметов.

Семей қаласында бүгінде жалпы саны 360 мыңнан астам адам тіркелген 23 медициналық-санитарлық мекеме жұмыс істеуде.

– Қала дәрігерлеріне 19 қызметтік көліктің кілті табысталып отыр. Пандемия басталғалы бері бізге қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді №3 қалалық емхананың бас дәрігері, қалалық жедел штаб мүшесі, медициналық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Найля Альменева.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айының басынан бастап облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірде 373 мобильді бригада құрылған болатын. Бүгінгі таңда 19 жаңа автокөлік алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне жіберілді. Осы жылы қосымша қажетті медициналық жабдықтары бар тағы 216 жедел жәрдем көлігі сатып алынбақ. Облыстық бюджет есебінен 100 автокөлік медициналық мекемелерге 1 қыркүйекке дейін жіберілетін болады.