Кеше күндізгі сағат 11:00-де Алтай қаласының 35 жастағы тұрғыны аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, таңертең сағат 9-дар шамасында үйден шығып кеткен 16 жастағы қызының сол беті оралмағанын хабарлаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департартаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес анасы кәмелетке толмаған қызының қайда және неліктен кетіп қалғанынан мүлде бейхабар болған. Ақпарат жеткен бойда Алтай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу «Дабыл» командасы бойынша көтерілген.
- Іздестіру шаралары барысында тұрмысы нашар отбасылар, нашақорлар, педофильдер, маскүнемдер, сондай-ақ бұрын сотталғандар санатындағы адамдар тексерілді. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің шатырларын, жертөлелерін және қараусыз қалған ғимараттарды қарап шықты. Нәтижесінде бір сағаттың ішінде кәмелетке толмаған қыз табылып, үйіне оралды, – деді ШҚО ПБ бастығы Сағат Мадиев.
Өз кезегінде, анасы полиция қызметкерлеріне бейне-үндеумен ризашылығын білдірді.