Қайғылы оқиғамен аяқталған жол апатына кінәлі адам бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Семей қаласының №2 соты 4 адам көз жұмып, 1 адам ауыр жарақат алған жол апатына қатысты сот шешімін шығарды.
- Белгілі болғандай, айыпталушы Өзеркі-Семей тасжолында бекітілген жылдамдықты асырып жібереді. Кейін рөлге ие бола алмай қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, көлік арыққа құлаған, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Ер адам Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
- Кінәлі осы уақытқа дейін істі болған, бірақ жазасын мерзімінен бұрын өтеп бостандыққа шыққан. Сондықтан үкімге сәйкес бас бостандығынан айыру туралы жазаның өтелмеген бөлігі қосылады. Қорытындысында 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Сонымен қатар 7 жыл көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды, - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.