Өңір тәртіп сақшылары есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесу бойынша кезекті арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес құқық қорғау органдарының назарына 35 пен 40 жас аралығындағы үш ағайындыдан тұратын қылмыстық топ іліккен. Олар Өскемен қаласында тұрып, отбасылық есірткі бизнесін қолға алуды, яғни гашиш есірткі құралын сату жайлы уағдаласқан.
- Ағайындылардың кенжесі осы заттың аса ірі партиясын облыс орталығына әкелудің жолын тапқан. Алайда полицейлер олардың қылмыстық жоспарларын жүзеге асыруларына мүмкіндік бермеді, - делінген мәліметте.
Мамыр айының 27-сі күні өткізілген арнайы шаралар нәтижесінде аталған қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, олардың әрқайсысынан есірткі тәркіленіп алынды.
- Тінту барысында тәркіленген гашиш есірткі затының жалпы салмағы 10 килограмды құрады, бұл екі мың дозаға тең. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы көзделген, - дейді Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Ұсталғандардың айтуынша, есірткі Өскеменге еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген. Қазір барлық мән-жайлар анықталуда, оларға тиісті құқықтық баға берілетін болады.