Шығыс Қазақстан облысында студенттер «Sanaly urpag» жобалық клубына мүшелікке қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ студенттерімен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты онлайн кездесу өткізілді. Шара барысында жастарға жемқорлықтан ада болу қажеттігі жайлы кеңінен сөз қозғалды.
«Елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. «Sanaly urpag» жобасы да осындай мақсатта қолға алынған. Бүгінде халқымыздың тең жартысының білім саласына тікелей қатысы бар. Сол үшін балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен университеттерде парақорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Осы орайда біз бірнеше әдістемелік құралдар дайындадық. Әрбір жоғарғы оқу орнында «Академиялық адалдық» кодексі қабылдануы керек. Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бекітіліп, сол бойынша әрекет еткен жөн», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық «Sanaly urpag» жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев.
Сондай-ақ кездесуде Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Сәбира Сапина «Академиялық адалдық» атты дәріс оқыды.
«Өкінішке қарай, студенттердің көпшілігі қандай да бір тақырыпты қамтығанда зерттеуге емес, іздеуге бейім. Яғни, жаңа тұжырымдамалар ашқаннан гөрі дайын дүниені қайталай салған әлдеқайда оңай. Бұл дұрыс емес. Жастар плагиатқа жоламай, жаңалық ашқанға ұмтылуы қажет», - деді ол.
Кездесу соңында Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ студенттері «Sanaly urpag» жобалық клубына мүшелікке қабылдау рәсімі өткізілді. Мүшелікке өткен жастар сыбайлас жемқорлықтан бойларын аулақ ұстап, адал еңбек етуге ант берді.