Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер қозғалып, жүргізілген тергеулер барысында бірқатар қылмыстың беті ашылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, жауапты тұлғалар арасында қызметтік бабын асыра пайдаланып, заңсыздықтарға жол берген шенеуніктер де бар. ШҚО бойынша ҚР жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Агенттігінің басшысы Ерлан Жалмағамбет айтып өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың басым көбі жауапты тұлғалардың қызметтік бабын асыра пайдалануы, пара беруге жатпаса да сыйлықтар алуы, ішімдік ішу сынды іс әрекеттер салдарынан орын алған.
– Аймақта мемлекеттік қызметшілер арасында әралуан құқықбұзушылық оқиғалары тіркелген. Айталық, қалалық полиция бөлімінің тергеушісін тәртіп бұзған жерінде ұстаған болса, оқиға себебін оның басшылығынан сұрайды. Осыған дейін бірнеше оқиға тіркелді. Жауапты тұлғаны пара алып жатқан жерінде қолға түсіріп, оның полиция департаментінің басшысына жібердік. Әрі қарай жазалау шаралары полиция бөлімінің басшысына, оның орынбасарына қолданылады, – деді Ерлан Нағашбайұлы.
Сондай-ақ департамент Агенттігінің басшысы соңғы 11 айлық көрсеткішке көз жүгіртіп, облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 130 қылмыс тіркелгендігін тілге тиек етті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ