Аудан жұртымен жолыққан облыс әкімі Ермек Көшербаев тұрғындарды алдымен жаңа әкім Арман Бекбосыновпен таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әрі қарай аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, логистика, туризм салаларындағы экономикалық өсімінің негізгі нүктелері айтылды.
Кездесудегі негізгі сұрақтар тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелерін қамтыды. Аймақ басшысы тұрғындар айтқан мәселелерді тыңдап, түрлі жайттарды уақтылы білу үшін мұндай кездесулердің маңыздылығын айта кетті.
- Өңірдегі өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мәселелеріңізді қарастырып, тез арада шешімін табуға тырысамыз, - деді аймақ басшысы.
Тұрғындар негізінен сумен қамтамасыз ету және ауызсу сапасына қатысты тақырыпты көтерді. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыс басқармаларына ауызсу сапасы мен химиялық құрамын санитарлық нормаға сай талдауды тапсырды. Сондай-ақ ол биыл Отрадное ауылында су құбыры желілерінің құрылысы және Қасым Қайсенов ауылында су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталатынын атап өтті.