Ұлан ауданында екі ер адамның ерегесі пышақ сілтеумен аяқталды

825
көрілім

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде ішімдікке масайып көше кезіп жүрген 22 жастағы жігіт танысын жолықтырып қалады. Әңгіме барысында екеуі сөзге келмей қалып, жаға-жыртысқа түскен. Сол кезде көп сөзді қойып, дереу іске көшкен ер адамдардың бірі қарсыласын шапалақпен тартып кеп жібереді. Соққы жеген жігіт те қарап қалмай, қалтасынан пышақ алып шыққан. Оқиғаның жай-жапсары Ұлан аудандық сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды.

 

Ішімдікке масайыңқыраған Асқар мен Сұңғат (есімдері толықтай өзгертілген) түнгі сағат 00.00-дер шамасында «Виктория» гастрономының маңында кетіп бара жатқан. Кенет олардың алдынан бұрыннан бері танитын Дамир мен Санат шығады. Бұл екі жігіт те ащы судан ұрттап алыпты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, ұландықтар әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғайды. Бір кезде Асқар мен Санаттың арасында түсініспеушілік пайда болып, жанжалға ұласады. Қасындағы достары оларды арашалап, екі жаққа алып кеткен.

Біраздан соң Сұңғатпен қоштасып, жалғыз өзі кетіп бара жатқан Асқар тағы да Санатты кездестіріп қалады. Ол да өзі сияқты жалғыз келе жатыр екен. Бағанағы кикілжің есіне түскен 22 жастағы жігіт лезде оның қасына жетіп келіп, іздене жөнелген. Сол кезде Санат оның бетінен шапалақпен ұрып жібереді. Біраз есеңгіреп қалған Асқар пышақтың көмегіне жүгінбек болған. Суық қаруын қолына алған ер адам қарсыласының кеуде тұсына сұғып жібереді. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

Ұлан аудандық сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Ал Санат болса Асқардың өзіне келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтегендігін, осыған орай оны толықтай кешіретіндігін айтты.

Сот үкімі бойынша сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар, ол 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

 

Асқар ТҰМАРБЕК