Зейнетақы төлемдерін тағайындауда жазылмай қалған еңбек өтілін қалай растауға болады?

509
көрілім

Көпшіліктің көңілін күпті қылған еңбек өтілі көп жылғы бейнеттің зейнетін көретін жасқа жеткенде бой көрсетіп жататыны белгілі. Біреу мұны тәптіштеп өмір бойы назарда ұстаса, енді біреу күнде ертеңмен енжарлыққа салып жүретіні де рас. Уақыт жетіп зейнеткерлікке шығар кезде мұрағаттың, одан қалды соттың табалдырығын тоздыруды бастайтынымз да міне осыдан. Жалпы, еңбек өтілі қандай негізде анықталады? Еңбек өтіліне қандай қызмет есептеледі? Еңбек кітапшасы жоқ болса ше? Мұрағаттық анықтаманы мұрағатқа бармай алуға бола ма? Міне осы және басқа да сауалдарға жауап іздеген біз Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментіне жүгіндік.

 

Жазбаның болғаны жөн

Департамент басшысы Болат Сәтеков зейнетақы төлемдерінің "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес тағайындалатынын айтады.

- Аталған заңның 14-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындаудағы еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. "Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау" қағидаларына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс беруші немесе ол уәкілеттік берген адамның қолымен және ұйымның мөрімен жұмыскердің жұмысқа кірген, жұмыстан кеткен уақыты, марапаттаулары мен көтермелеулері туралы барлық жазбалар расталуы қажет, - дейді Болат Сәтеков. - Еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар немесе сот шешімі негізінде белгіленеді".

 

Онлайн алуға болады

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта мұрағаттық анықтама алу үрдісін жеңілдету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Атап айтсақ, бүгінде бұл жұмыстар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен "Электронды үкімет" веб-порталының сервисі арқылы қолға алынған.

- "Мұрағаттық анықтамаларды беру" қызметін e.gov.kz порталы арқылы алу үшін интернетке кіруге мүмкіндігі бар компьютер қажет. Ең алдымен порталдың сайтында тіркелу/авторлану рәсімін өту керек. Сонан соң "Мұрағаттық анықтамаларды беру" бөлімінде электрондық-цифрлық қолтаңбамен расталған қажетті ақпараттар сипатталған сұраным жолдау керек. Кейін бұл сұраным электронды байланыс арқылы осы іске құзырлы мемлекеттік органға келіп түседі, - дейді Болат Кәлімұлы. - Аталмыш порталдағы жеке кабинетте қызмет алушы Ақпарат және мұрағаттар комитетіне жолдаған сұранымының мәртебесін, өтінішіне қоса тіркеген құжаттарды, денсаулық жағдайының өзгеру тарихын бақылай алады. Сондай-ақ көрсетілген қызметтің нәтижесімен таныса алады.

 

Нақты көрсету қажет

Еңбек өтілін растайтын мұрағаттық анықтамаларды онлайн алуға мүмкіндігі жоқ азаматтар қажетті деректері көрсетілген өтінішпен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінулеріне болады. Ол үшін болашақ зейнеткер өзімен жеке куәлігін, өзі бара алмаған жағдайда өкілетін растайтын құжаты немесе нотариалды түрде куәландырылған сенімхаты бар өкілін жіберуі керек.

- Қажетті ақпаратты растайтын немесе деректердің жоқ екендігі жөніндегі мұрағаттық анықтама мемлекеттік қызмет көрсетудің соңғы нәтижесі болып табылады. Қызмет алу кезінде ең бастысы, пошта және электрондық мекенжайын, байланыс телефондарын дұрыс көрсетуі керек. Әсіресе байланыс телефоны мұрағаттық мәліметтерді іздеу кезінде алғашқы ұсынылған ақпараттарды анықтау және нақтылау үшін қажет. Ал сұраным құжатын дұрыс толтырмау немесе мекенжай мен байланыс мәліметтерін көрсетпеу сұранымды орындауға мүмкіндік бермейді, - деп қосты департамент басшысы.

 

Жоғарыда аталған Заңның 13-бабына сәйкес еңбек өтілін есептеуде мыналар есепке алынады:

1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;

2) әскери қызмет;

3) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;

4) мемлекеттiк қызмет;

5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;

6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;

7) 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;

8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;

9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бiрақ кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;

10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыты;

11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;

12) бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;

13) әскери қызметшiлер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;

14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу;

15) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендiрiлген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кен-құтқару бөлiмдерiндегі қызмет;

16) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: ашық дереккөз