Құрбан айт мерекесіне орай 9588 мұқтаж отбасыға құрбандық еті таратылды. Ағымдағы жылдың 20-22 шілде аралығында еліміздегі барша мұсылман қауымы қасиетті Құрбан айтты мерекеледі. Өкінішке қарай, карантиндік шектеулерге байланысты айтулы мейрам биыл тағы да онлайн режимде тойланды.
Облыс бойынша дін істері басқармасы мамандарының айтуынша, Құрбан айттың бірінші күнінде Шығыста мерекелік Айт намазы барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, таңғы сағат 7.00-де облыс мешіттерінің жанынан арнайы дайындалған ашық аспан астындағы алаңда өткізілген.
Айта кетейік, екінші жыл қатарынан еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-құрбандық шалу жобасы жүзеге асырылуда. Мұқтаж азаматтарды қолдау және коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы qurban2021.kz веб-сайтты іске қосты.
Онлайн және офлайн режимде құрбандыққа шалынған малдың етін барлығы 250 ерікті облыстағы мұқтаж 9588 отбасыға таратып берген.
Сайтты іске қосудың мақсаты – қайырымдылық жасаушы мен мұқтаж адамдар арасында онлайн байланыс ұйымдастыру болып табылады, осыған байланысты халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп азайып, карантин жағдайында құрбандық шалу үшін оңтайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.
– Құрбан айт өткізудің діни мәні ғана емес, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік әсері де бар. Өйткені үш күн ішінде облыстың 9588 мұқтаж отбасына құрбандыққа шалынған 2028 бас малдың еті таратылды. Бұдан бөлек мерекеге орай облыс орталығында «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылды. Еріктілер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен және Семей аймағы бойынша өкілдерімен бірлесіп, барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарына құрбандық етін жеткізуге көмектесті. Облыс бойынша барлығы 250 ерікті жұмылдырылды, – деді Шығыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Исабаев.
Дәурен Қасенов
(Мақала Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)