Аягөз ауданының басшысы Ділдәбек Оразбаев Аягөз қаласының әкімін орнынан босату жайлы шешім шығарды. Бұның себебі – аудан орталығындағы тазалықтың сақталмауы болып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ділдәбек Тәжібайұлы осындай шешімге келгендігі жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазған:
– Аягөз ауданына әкім болып тағайындалғаныма 3 айға жуық уақыт болды. Осы уақытта бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Оның бірсыпырасы шешілді деуге де болады. Алайда қазіргі таңда әлі өзектіліктен түспей тұрған мәселе – қала тазалығы. Таза қала – көрікті қала деп ойлаймын. Бұл мәселе толықтай қала әкімінің иығына жүктелетін іс. Десе де осы төңіректе ешқандай өзгеріс байқамадым. Баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Сол себепті қала әкімін орнынан босату туралы шешім қабылдадым. Менің ойымша қай салада болмасын халық мүддесі үшін жұмыстар толықтай атқарылуы керек, – дейді аудан әкімі.