Абай ауданында «Ашық әкімдік» фронт-офисі ашылды

420
көрілім

Абай ауданы әкімдігі ғимаратының 1-қабатынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы негізінде «open spaсe» форматында «Ашық әкімдік» фронт-офисінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мекеме басшылары, аудан активтері және мемлекеттік қызметкерлер қатысқан орталықтың ашылуында ақпараттық технологиялар, мемлекеттік қызметтерді мониторингілеу және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бурхан Мұратов алдағы уақытта орталықтың атқаратын жұмысы мен қызметтерін түсіндіріп өтті.

Осыдан соң аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров сөз алып, фронт-офистің ашылуымен құттықтады. Ашылу салтанатының лентасын қию аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров пен Абай ауданының Құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Байбота Төлеуғалиұлы және ұзақ жылдар аудан аппаратының басшысы қызметін жемісті атқарған Мейрамбек Белібайұлына бұйырды.

Орталықтың ашылуы ауыл тұрғындары үшін маңызды жетістік. «Ашық әкімдік» қоғамдық бақылау форматында да қызмет ететін болады. Егер, мәселенің шешілуі аудан басшысына оның орынбасарларының, бөлім, мекеме басшыларының қатысуын талап етсе, арызданушы 1-қабатта ашылған арнайы бөлмеде қабылданады. Уақытты үнемдеп, бір орында бірнеше кеңес алу тұрғындар үшін қолайлы. Бұл азаматтардың өтініштерімен жұмыстың сапасын арттырады.

Аты айтып тұрғандай кабинет ашық тереземен жабдықталған, сыртқа көрініп тұрады. Заман талабына сай QR –kod орнатылған арнайы стенд орналастырылған. Аталмыш стендте ауданда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттері, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау және өтініштерін қарау жөнінде ақпараттар алуға мүмкіндіктер бар. Ашық әкімдікте жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен хаттарына (оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар) арналған сенім жәшігі орналастырылған. Ақпарат алудың шарттары мен тәртібі туралы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, күресу талаптары белгіленген нормативтік-құқықтық актілер орналасқан ақпараттық стенд бар.

Тұрғындар үшін арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жабдықталған. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүргізуге арналған аудан әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді.