Мал ұрлығын болдырмау мақсатында өткізілген рейд кезінде Абай ауданында бірнеше құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атап айтсақ, 2020 жылдың қараша айында Абай ауданындағы жайылымнан 13 бас жылқы ұрлады деген күдікпен 24 жастағы облыс тұрғыны анықталды. Оның заңсыз әрекеттері салдарынан мал иесіне келтірілген шығын мөлшері шамамен 5 миллион теңгені құрады.
Дәл осы уақытта құқық қорғау өкілдері өткен жылдың маусым-қараша айларында жайылымнан 24 бас жылқының ұрлығына қатысы бар деп 25 пен 40 жастағы үш ер адамды құрықтады. Зардап шегушінің есебінше, келтірілген шығын 6 миллион теңге шамасында.
– Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-1-бабы 2-бөлігіне (мал ұрлығы) сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Тәртіп сақшылары төрт түлік иелеріне жайылымдағы малын қараусыз қалдырмауды ескертеді.