Жолда қалғандарға көмектесуге шыққан учаскелік инспекторлар қар құрауында қалып, үсік шалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қиын жағдайға қарамастан полицейлер адасқан тұрғындарды құтқарып қалды. Бұл туралы Sputnik Казахстан полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
22 ақпан күні түнгі сағат 01:24-те полицияға Жарма ауданындағы Шабақ қыстауынан 4 шақырымдай жерде далада екі ер адам көмек сұрағаны туралы өтініш түскен.
Қыстаудан шығып, Суықбұлақ ауылына беттеген олар трактордағы дизельдік отынның қатып бара жатқанын байқап, қайта оралмақшы болғанда адасып кеткен.
Суықтан телефон қуаты таусылып бара жатқандықтан тез арада ұялы байланыс ұстайтын жер тауып алып, жедел қызмет нөмерлеріне қоңырау шалған.
Жарма аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері шұғыл көмекке шықты. Адасып кеткендер нақты қай жерде тұрғандарын айта алмай, іздестіру жұмыстары қиындады.
Полиция капитаны Дастан Иманов пен лейтенант Еркебұлан Самалхан шамамен бағытты түсініп, техника ізімен жүрді.
Өмірлерін қатерге тігіп, үсік шалған полицейлер тракторшыларды дер кезінде тапты. Полицейлердің айтуынша, қызметтік көлікке қайта жету біраз әуреге салды. Суықтан қажыған ауыл тұрғындарына жәрдемдесу үшін біршама жерді жаяу жүруге тура келді.
- Олар қуаныштан көз жастарын жасыра алмай, алғыстарын жаудырды. Жолда адасқан адамдарды құтқарып қалғанымызды түсініп, біз де олармен бірге қуандық. Иығымыздан ауыр жүк түскендей, ерекше сезіммен үйге оралдық, - деді Дастан Иманов.