Абай облысының тұрғындары заңсыз қабан атқан

251
көрілім
Фотосурет azh.kz сайтынан

Түз тағысын атқан Абай облысы, Үржар ауданының үш тұрғынына жаза тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңының 38-бабы, 5-ші тармағының 6-тармақшасын өрескел бұзған қылмыстық топ аңшылық алқаптардың резервтік қорында аң аулады. Ондай әрекетке тыйым салынғанын біле тұра алдын-ала келісіп, қылмысқа қасақана барған.

- Аудан тұрғындары өткен жылдың қазан айында Үржар ауылының солтүстігіне қарай 60 шақырым жерде орналасқан «Сарытерек» жер учаскесіне «ВАЗ-2121 Нива» маркалы автокөлігімен барған. Қанжығаларын қабан шошқамен майламақ болған үшеу өздерімен бірге алып шыққан 12-калибрлі, тегіс қос ұңғылы «ИЖ-43», «ТОЗ -34Р», «ТОЗ-34» модельді аңшылық мылтықтары мен оқтарын дайындаған, - делінген Абай облысы бойынша ҚАЖД Үржар аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы Эльмира Мукитанова ұсынған мәліметте.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, аталған топ жабайы шошқаны іздеп тауып, тыйымға қарамастан қаруларының шүріппесін басып жіберген.

- Үш адамның іс-әрекетінен табиғатқа, мемлекетке 1 293 750 теңге көлемінде материалдық залал келтірілді. Ұсталғандарға Үржар аудандық сотының үкімі негізінде ҚР ҚК-нің 337-бабы, 3-ші бөлігімен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, - делінген ақпаратта.

Жаза мұнымен шектелмеді. Заңсыз қабан атқандар 3 жыл мерзімге аң аулау құқығынан айырылып, жыл сайын мәжбүрлі еңбекке тартылды. Қазіргі таңда бұл адамдар Үржар аудандық №1 пробация қызметінің бақылауында.