Абай ой-пайымдарын халыққа музыка арқылы да жеткізген

256
көрілім

Құлақ құрышын қандырып, бойыңды елітіп әкететін нағыз халық әндері. Дәл осылай қазіргі заманның сыншылары Абай Құнанбайұлының әндеріне баға беруде. Ұлы ақын өз ой-пайымдарын халыққа жеткізу үшін барын салған. Бұны әуен арқылы да айқын көрсете білгені рас. Бүгін біз хакімнің ақындығы туралы емес, қазақ музыкасының дамуына жаңа тыныс берген композиторлығы жайлы сөз қозғамақпыз.
 

Абай әндері поэзия іспеттес

Абайдың арнайы музыкалық білімі болмағандығын, нота білмегендігін, сондықтан ән жаза отырып ол тек өзінің музыкалық қарым-қабілетіне және киелі қара домбыраға арқа сүйегендігін барлығы біле бермейді. Оның әндері поэзия іспеттес, қазақтың дәстүрлі әуендерімен ұқсастығы да, айырмашылығы да бар. Сол кездегі композиторлардың музыкалары көптеген мәтіндерге сәйкес келе берген-тұғын. Ал Абай әндері мұндай «еркіндіктен» ада еді. Мысалы «Сегіз-аяқтың» сөзі «Көзімнің қарасы» әуеніне мүлде келмейді. Мәтін мен музыканың, сөз бен әуеннің ажырамас бірлігін Абай шығармашылығынан көруге болады. Оның әндерінде мәтіннің тұрақтылығы айқын сезіледі. Бұл ән жазудағы жаңа құбылыс болғаны ақиқат.

Абай Құнанбайұлы қазақтың халық әнінің дамуына үлкен серпіліс берді. Ол Біржан сал, Ақан сері мен Жаяу Мұсаның күйлерін шерте алатын және жоғары бағалайтын. Оның музыкалық таланты сондай халық әндерінен сусындап, тереңіне бойлаудан туған десек те артық айтқандық емес.

Хакімнің поэзиясы мен музыкасы бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір қазақ музыкасын әлемдегі ең танымал туындылардың біріне айналған «Көзімнің қарасы» әнінсіз елестету қиын. Абай жаһан елдерінің музыкасына қызығушылық танытты, ал оның импровизациясы қазақ әндерін байыта түсті – бұл мәдени құндылық емей немене? Бұны мәдениеттердің ұштасуы демесек басқа қалай атаймыз? Өйткені Абай тұратын ауылға оның орыс және татар достары келіп, алғаш рет мандолинаның ішегін домбыраға тартқанда мүлде өзгеше дыбыс шыққан еді. Оның көптеген әндерінде орыс және украин халық әндеріне ұқсастық, XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс романсына тән бірқатар сипаттамалық белгілер кездесетін. Осы ізденістердің барлығы Абайдың жаңа формалар мен ырғақтарды шығаруына мол әсер етті.

Қазақ әніне жаңа үн қосқан

Тағы бір айта кетерлігі, хакімнің музыкалық ортасы болған. Олар Абайдың әлі күнге дейін халық сүйіп тыңдайтын әндерінің дүниеге келуіне септігін тигізгені хақ. Скрипкашы Мұха, ақынның музыкалық дарынды ұлдары Әбдірахман мен Ақылбай, әнші Әлмағанбет және әнші, ақынның сүйікті әйелі Әйгерім үнемі Абайдың қасында болып, оның музыкалық шығармашылығына қолдау білдірді. Олар әр әнді сүзгіден өткізіп, өз ойларын айтып, одан сайын жетілдіріп отырған. Ал ең сәтті шыққан туындылар халық арасына тарап кетті. Осыдан Абай мен сол кездегі көптеген басқа композиторлардың арасындағы тағы бір айырмашылықты көруге болады – ол өзгелерді шабыттандырып, қазақ әніне жаңа үн мен әуен қосқан.

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оранған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар»

Абай Құнанбайұлы музыка мен ән туралы осылай айтқан. Ол барлық дүние жүректен шығуы тиіс және оның өзіндік мәні болуы керек деп есептеді. Басында бәрі бірдей мойындамаған Абай әндері қазір түгел дерлік концертттерде шырқалып жүр... Демек ақын әрі сазгердің туындылары ғасырлар бойы өмір сүрмек.