Абайды ардақтаған Айғаным: Зайсандық Айғаным Балғабаева ұлы ақынның 170 өлеңін жатқа біледі

774
көрілім

Жас ақын Айғаным Балғабаева Зайсан ауданындағы Шалқар ауылының тумасы. Бала кезінен Абай шығармаларына сусындап өскен жас өрен бүгінде талай жарыстардың жеңімпазы атанып жүр. Ол XXIV республикалық “Абай оқуларына” қатысып, 130-дан астам оқушының ішінен топ жарды. Ұлы ақынның 170 өлеңін жатқа айтып, жеңіс тұғырынан көрінді. Қазіргі таңда Айғаным Көгедай орта мектебінің 11 сыныбын тәмамтады. Алдына үлкен мақсат қойған 16 жастағы дарынды қыз республикалық айтыс сайысына дайындық үстінде. Кейіпкеріміздің айтуынша, бойындағы ақындық қасиет оның отбасынан алған тәлім-тәрбиесі мен қанынан дарыған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

- Әдебиетке, сөз өнеріне қызығушылығыңыз қалай басталды?

- Бастауыш сыныпта ұстазым Жанат Аштаева маған әр түрлі тақырыпта шығарма жаздыртатын. Оны кемінде төрт бет қылып жазатынмын. Қаршадай кезімнен тіл байлығымды арттырып, ой-өрісімді кеңейткеннен кейін сөз өнеріне деген үлкен махаббатым пайда болды.

- Алғаш қатысқан байқауыңыз туралы айтып берсеңіз…

- Мектеп қабырғасында 5 сыныпқа өткен соң Мәншүк Қаhарманқызы апайым менің бойымдағы дарынымды байқап, Абай өлеңдерін жаттатқыза бастады. Ең алғаш сол жылы Зайсан ауданында өткен “Абай – Шәкәрім оқуларына” 80 өлең жаттап қатысқан болатынмын. Ол кезде қанжығама жүлделі 2 орынды байладым. Одан кейін де республикалық онлайн “Абай оқуларына” қатысып, 1 орын иегері атандым. Сондай-ақ ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған төсбелгімен марапатталдым.

- XXIV республикалық «Абай оқулары» байқауына қанша уақыт дайындалдыңыз? Сайыс қалай өтті?

- Жыл сайын тәжірибемді арттырып, Абай Құнанбайұлының 170 өлеңін және 1 поэмасын жаттап шықтым. Былтыр өткен XXIV республикалық “Абай оқуларына” зор жауапкершілікпен қарадым. Себебі, маған сенім артқан ұстаздарымның үмітін ақтап, Шығысымның намысын қорғауды басты назарға алдым. “Әрекетке берекет” дегендей, еңбегім ақталды. “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Әрине, осынша өлең жаттау оңай емес. Алайда, марқұм әжем кішкентайымнан әдебиетке баулып өсірген соң, маған бұл қиынға соқпады десем де болады. Ең үлкен жетістігім – тек жүлдем емес, еңбегімнің ақталғаны.

                                                                                                                   

- Қазақтың бас ақынының шығармашылығынан жаныңызға жақыны қайсы?

- Абай атамыздың әр өлеңі мен қара сөзінде үлкен тәлім-тәрбие жатыр. “Әлемде төрт мұхит бар, бесінші мұхит – Абай” демекші, сол мұхиттан сөз маржандарын санама тіздім. Әкем бала кезімнен ұлы ойшылдың “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап” деген сөзін санама сіңіріп тәрбиеледі. Оның әр өлеңін оқи отырып, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуды үйрендім.

- Басқа қай қаламгерлерді оқығанды ұнатасыз?

- Қазақ әдебиетіндегі барлық ақын-жазушы жаныма жақын. Олардан үлгі аламын. Бірақ Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың орны мен үшін ерекше. Себебі, өзім де лириканы жырлағанды ұнатамын.

- Айғаным, одан бөлек сіз қалам тербеп, өлең жазады екенсіз. Ақындық қабілетіңіз туралы айта кетсеңіз?

- Иә, қазіргі таңда мен Зайсан ауданындағы “Ақберен” ақындар сыныбының жас қаламгерімін. Осы саладағы ұстазым – Зайсан ауданының бас ақыны Қазбек Сейілханов. Өзімнің “Айға сыр” атты жыр жинағым да бар. Ішінде 50-ге жуық өлең мен 2 новелла топтастырылған. Болашақта оны кітап баспасынан жарыққа шығару жоспарымда бар.

- Өлеңдеріңізге тақырып қалай туады? Новелла жазу қиын болмады ма?

- Өлеңді шабытқа қарай жазамын. Шығармаларымның көбісі шабыттың түртпектеуімен түн ортасында жазылған. Мұқағали Мақатаевтың “Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған” деген сөздерін тіліме тиек еткім келіп отыр. Өлеңдерімді тыныштықта жазғанды ұнатамын. Жазар алдын ойыма тек тармақтар ғана келеді. Әрі қарай қиялдың ұштауымен қағаз бетіне түсіремін. Ал алғашқы “Қадір” атты новелламда ата-ананың қадірі жайында айтылған. “Махаббат лирикасында” сүйгеніне қосыла алмай кеткен ер адамның өкініші баяндалады.

                                                                                                                   

- Сіздің айтыстан да құр алақан еместігіңізді байқадық. Қазақтың төл өнеріне қашан қадам бастыңыз?

- Иә, айтысқа 8 сыныптан бастап қатысамын. Биыл қаңтар айында өткен “Жыр алыбы – Жамбыл” оқушылар айтысында бабым мен бағым қатар жанып, 1 орынды иелендім. Қазіргі уақытта байқаудың республикалық кезеңіне дайындық үстіндемін.

- Ал домбыраны неше жасыңыздан жаңынызға серік еттіңіз?

- Осы тұста Жұмекен Нәжімеденовтың

“Майысып қос шегіңнен күй өткенде,

Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.

Домбырам қайран менің, қайран менің,

Ризамын сені маған сый еткенге”, -деген өлең жолдарын тіліме тиек еткім келіп отыр. Әкем Болатбек Балғабаев 3 сыныпта оқып жүргенімде домбыра үйірмесіне апарған болатын. Ұстазым Шолпан Қалабаеваның сыныбында 5 жыл оқып, аттестатымды қолыма алдым. Одан бөлек, би үйірмесіне де 7 жыл қатыстым. Жетекшім Анжелика Ноғайбаевадан сахна мәдениетін жан-жақты меңгеріп шықтым.

- Сұхбат соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Болашақта қаңдай мамандық иесі болғыңыз келеді?

- Келесі жылы мектеп түлегі атанғалы отырмын. Таңдау пәндерім – қазақ тілі мен әдебиеті. Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне түскім келеді. Ақындығымды да әрі қарай дамытамын. Қазақтың төл өнері – айтысты жаңғырту, додалы сайыстарда төбе көрсету ойымда бар. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар, қалан!» деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнымды тауып, қазақ әдебиетіне жаңа толқын әкелгім келеді. Бар мақсатым – ана тіліміздің тұғырын асқақтатып, айтысты насихаттау. Сөз соңында мені осы күнге жеткізген ата-анама зор алғыс айтамын. Жетістіктеріме жетелеген ұстаздарыма да ризашылығым шексіз!

- Әңгімеңізге рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан