Хакім Абайдың төбе би болып сайланған кезінде жазған «Қарамола жарғысының» 1885 жылы басылған кітабының көшірмесі Қазақстанға жеткізілді деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.
- Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің жылда ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу іс-сапарларының бірі биыл Татарстанның астанасы Қазан қаласына бағытталды. Татарстанның кітапханаларында қазақ тарихына қатысты біраз дүниелердің бар екенін білеміз. Оның үстіне хакім Абайдың «Қарамола жарғысының» басылымы осы Қазан қаласында бар деген деректеріміз бұрыннан болған еді. 1959 жылы еліміздің Ғылым Академиясының қызметкері Қарта Қаңтарбайұлы деген кісі осы қалада болып, кітапты өз көзімен көріп, оны қадым жазудан аударып кирилл қарпіндегі қазіргі жазбада жазып алған болатын. Оның баспа машинасында терілген нұсқасы біздің музей-қорықтың мұражайында алпысыншы жылдардан бері сақталып келеді, - дейді «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш жарғы хакім Абай тарапынан «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» мақсатында жасалған көрінеді. Яғни, ол жарғыны сол кездегі Патшалық Ресей үкіметінің де, дала заңына бағынған Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпына қайшы келмейтіндей етіп құрастырылған.
«Әрине «Қарамола жарғысы» туралы жазбалар да, ғылыми зерттеулер де жеткілікті. Дегенмен, біздің мақсат - оның Абай жазған түпнұсқадағы жазбасы мен осыған дейін біз оқып келген аудармасын салыстырып, түсіп қалған, болмаса жазылмай қалған тұстары бар ма екен деген күдікті сейілту болды. Жалпы, бұл жарғыны Абай жоғарыдан түскен тапсырмаға сай 3 күн ішінде дайындаған көрінеді. Алайда, мұны Абайдың жалғыз жазбағаны, кейбір кездері басқа билерді шақырып ақылдасқаны жайлы деректер де жоқ емес. Сонымен жарғы 1885 жылдың мамыр айында өткен Билер съезінде қабылданып, 1886 жылы Қазан қаласындағы Императорлық баспаханада жеке кітап болып басылып шыққан», - деп қосты Мейрамгүл Сейтжапарқызы.
Осылайша, ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы бағытында жазылған жарғыны осыған дейін жай ғана естіп келген музей-қорық қызметкерлері бұл жолы оның шын мәнінде бар екеніне көз жеткізген.
«Бұл кітаптың бар екенін осыған дейін бізде көп жылдар еңбек еткен Мұздыбай Бейсенбаев есімді қызметкеріміз айтқан еді. Ол кітапты 1980-ші жылдары Қазан қаласындағы кітапханадан көргені туралы есеп берген. Бұл жолы Ресей тарапы бізге кітаптың толық сканерлерген көшірмесін жасап, электрондық нұсқаға түсіріп берді», - деді Мейрамгүл Қайрамбаева.
Қазан қаласындағы кітапханада қазақ халқының тарихына қатысты басқа да құнды жәдігерлердің жоқ еместігін айтқан ол онда сонау Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы жаңа орнаған кезеңге тұспа-тұс келетін бірегей материалдарды да өз көздерімен көргендерін алға тартты.
«Бұл кітапханада ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында жазылған көптеген дүниелер бар екен. Кеңестік кезеңде «ерекше бағалы» деген мөрі бар кітаптар көпшілікке беріле бермейтін. Міне солардың ішінде Алаш үкіметі қайраткерлерінің кітаптарын көзіміз шалды. Мысалы онда Нәзір Төреқұловтың «Ұлт мәселесі» кітабын көріп, парақтап шықтық. Бұдан бөлек, 1933 жылы Ғаббас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровтың авторлығымен шыққан «Қазақтың театр өнері туралы» кітабы бізді ерекше қызықтырды. Бұл кітап ашылмай баспаханадан шыққан күйі сақталған. Кітап Алаш тұсындағы қазақ театры, театр мамандарын даярлау мәселелеріне арналған екен», - деді Мейрамгүл Қайрамбаева.
Сондай-ақ, музей-қорық қызметкерлері аталмыш кітапханадан Нәзір Төреқұлов ұсынған қазақтың латын графикасындағы әліпбиін де байқаған.
Қазақ елі алғаш латын қарпіне көшкен кезде бұл шараның не мақсатта істеліп жатқанын түсіндірген кітапты ол 1926 жылы жазған көрінеді.
«Қазіргі уақытта бұл кітаптар да көпшілікке қолжетімді. Сондықтан оны қарап шығып, бір-екі бетінен көшірме жасап алдым. Сондай-ақ, Семей қаласына қатысты мынадай қызық деректің үстінен түстік. Кітапханада Патшалық Ресей кезіндегі «Правление попечительство о бедных мусульманах» деген жазба деректер сақталған екен. Онда Семей қаласының ауқатты адамдары бірігіп, ұйым құрып, мұқтаж болғандарға қаржылай көмек көрсетіп отырған. Бұл ұйымда есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталатын Қарай Үкіжанов, хакім Абай өз қамқорына алып, көмек көрсеткен Әнияр Молдабаев сынды арыстардың болғаны туралы деректер берілген», - деп қосты музей-қорық өкілі.
Бұдан бөлек, музей-қорық қызметкерлері Абай өлеңдерінің кеңестік кезеңдегі татар тіліндегі аудармаларын да көріп қайтқан.