«Абыралы ауданын құрып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру керек...»

6412
көрілім

“Абыралы-Дегелең” қоғамдық қорының мүшелері және сол өңірінен шыққан танымал азаматтар өңірде тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қажет деп есептейді. Осы мақсатта олар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевпен кездесіп, өңірдің болашағына алаңдаушылық білдіріп отырғандықтарын жеткізді.

Басқосуға экономика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Төлеужан Садықұлов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның бас онколог дәрігері Мұхтар Төлеутаев, Құрметті теміржолшы, зейнеткер Мақсұт Қосжанов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма Төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақып, Қайнар шаруашылығының басшысы болып қызмет атқарған, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының мүшесі Арқалық Ағыбаев, «Абыралы-Дегелең» қорының және «Ақшың» Корпорациясының Президенті Марат Құрманбай, ҚР Еңбегі сіңген энергетик, зейнеткер Ғабиден Мұсайынов, Қараөлең ауылдық округінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серғазы Игіліков қатысты.
Кездесу барысында олар Абыралы өңірінің бүгіні мен болашағына қатысты өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, Абыралы өңірінің тарихына тоқталып, аймағымыздың ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор әрі алдыңғы қатарда екенін атап өтті.

Өз кезегінде, қатысушылардың ұсыныстарын тыңдаған аймақ басшысы өңірдің алдағы уақыттағы дамуын айқындау үшін жауапты мамандар тартып, жан-жақты зерттеп, соның қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленетіндігін айтты.
«Абыралы ауданын қайтадан құрып, оған «ерекше аудан» мәртебесін беру керек. Осылайша полигонының эпицентрі болған, халқы 40 жыл атом бомбасының зардабын көрген Абыралы өңірінде тарихи әділеттілікті орнату қажет деп есептейміз. Жоғарыдағы ұсыныстар бойынша халықтың талабын ескеріп, дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз», - деп түйіндеді өңір азаматтары.

Кездесу соңында елімізге белгілі тарихшы-ғалым Болатбек Насенов пен  ақын Бауыржан Жақып құнды еңбектерін облыс әкіміне тарту етті.
Айта кетейік, Абыралы-Дегелең” қоғамдық қорының құрылтайшылары мен  және сол өңірінен шыққан азаматтар Абай облысының әкіміне және облыстық мәслихат хатшысына арнайы хат жолдаған. Хатқа Қазақстанның Еңбек ері, жазушы Олжас Сүлейменов, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның бас онколог дәрігері Мұхтар Төлеутаев және өзге де елге танымал азаматтар қолдарын қойған.