Адам құқығы - конституциялық құқықтық институттың ең жоғары да маңызды сатысы. Жарық дүниеге, өмірге шырылдап келген сәттен бастап адам құқықтары пайда болады. Адам құқықтары - адамның өз мүдделерін заң шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігі. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи құқықтар дегеніміз - адамның тіршілік етуінен туындайтын (мысалы: өмір сүру, еркіндікке жету, жеке басына тиіспеушілік т. б.) құқылары. Әлеуметтік құқық дегеніміз - адамның мемлекетпен өзара әрекеті процесінде пайда болатын (мысалы: білім алуға, еңбек етуге, байқуатты өмір сүруге, азаматтық алуға, сот әділдігіне жүгінуге, еркін жүріп-тұруға, мүліктерді иеленуге т.б.) құқықтары.
10 желтоқсан - Халықаралық адам құқықтары күні. Аталған күн БҰҰ Бас Ассамблеясының Париж қаласында 1948 жылдың 10 желтоқсанында Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясын қабылдау және жариялау құрметіне таңдалып алынған. Бұл адамзат тарихында адамның негізгі құқықтарын қорғау қажеттілігі туралы жазылған алғашқы құжат. Декларация 500 тілге аударылған.
Тәуелсіз Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызынан, яғни БҰҰ-на мүше болғаннан бастап адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын орындау міндетін мойнына алды. Елімізде адам құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізге алатын ұстанымы болып табылады. 1994 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия құрылды. Мақсаты – адам құқықтарын қолдау және қорғаудың мемлекеттік және қоғамдық механизмдерін күшейту.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы деп ерекше атап өткен. Соның ішінде Елбасы сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлатып, артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек екенін тапсырып, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар, ол соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыруды тапсырып, болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет екенін айтты.
Бүгінгі күнде Елбасының осы тапсырмаларын орындау аясында, соттарда «Виртуалды сот», SMART-сот пилоттық жобалары жүзеге асырылуда, сонымен қатар татуластыру рәсімдері, соның ішінде медиация да белсенді дамып келе жатқаны бәрімізге мәлім.
Біздің А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы да адам құқығын сақтау және қолдау бағытында жүйелі түрде жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, кітапхана сайтында «Заңгер кеңесі» атты айдармен тегін ақыл-кеңес беріледі. Биылғы оқу жылы басталар қарсаңында, Қазақстан Республикасының бала құқығы бойынша уәкілі Аружан Саинмен онлайн-сұқбат ұйымдастырылып, эфир қонағы сүбелі сұқбат кезінде республика көлемінде атқарылып жатқан шараларға тоқталып, көрермен сұрақтарына жауап берді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Осы орайда, 2020 жылы 10 желтоқсан күні сағат 11.00-де А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Facebook желісінде @pushkinlibrary парақшасында Өскемен қаласы сотының төрағасының міндетін атқарушы Рашат Исламұлы Шерияздановпен «Адам құқығы - азаматтық қоғамның басты игілігі» тақырыбында онлайн сұхбат жүргізілетінін хабарлаймыз.
Қазіргі уақытта облыс орталығының соттары сот отырыстарын қашықтықта жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электронды сервистер, атап айтқанда, аудио, бейне-тіркеу жүйелерімен жабдықталғаны, яғни адам, басқа жерде бола тұра, сот отырысы залымен бейнеконференц байланысы арқылы қосылып, тыңдалуына, сонымен қатар, өзі де сот процесінде не болып жатқанының барлығын естуге мүмкіндігі бар екендігі, заманауи мобильдік технологиялар, дауды шешудің сотқа дейінгі және соттан тыс механизмдерінің дамуы, медиация институты туралы Өскемен қалалық соты бойынша мағлұматты білгіңіз келсе, біздің онлайн-сұхбатқа шақырамыз.
Адам құқығы - адамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған, заңмен қорғалатын ең жоғарғы демократиялық құндылық. Сондықтанда әрбір адам өзінің де, басқаның осы құндылығын бағалай білуі және оған ешқандай да зиян келтірмеуі керек.
Баршаңызды 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқығы күні қарсаңында болатын тікелей эфирге шақырамыз!
А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының қызметкері Бақытгүл Қалиева