Өскемен қаласының құрамындағы ірі елді мекендердің бірі Ахмер ауылы екені бесенеден белгілі. Бұл жерді ауыл-аймақтан көшкен қазақтың қалаға келгендегі алғашқы тұрағы десек те артық айтпаған болармыз. Облыс орталығына қарай қоныс аударған ауылдықтар бірінші кезекте Ахмерден жер алып, үй салады. Осылайша, бір кездегі шағын елді мекен бүгінде мың шаңырақтың түтіні түтеген іргелі ауылға айналған. Өркениеттің ордасы Өскеменге тартылған қазақ жұмысқа кіріп, жағдайын түзесе де, Ахмердің келелі мәселелер әлі де баршылық. Қаңғыған итінен бастап, қарғын суына дейін, одан қалса, жолдарының жаздағы шаңы, көктем-күзгі ми балшығы, қыста тазаланбайтын қалың қары тұрғындардың басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселеге айналғалы қашан? Аталмыш мәселеге орай газетіміздің осы санында Ахмер ауылы жайлы бірқатар мәліметтер беріп, алдағы уақытта орын алатын өзгерістер жайын сұрақ-жауап түрінде саралап өтуді жөн көрдік.
Біздің анықтама:
Бүгінде Ахмер ауылындағы 1090 отбасында 3247 адам тіркелген. Ауылда бір орта мектеп пен үш балабақша жұмыс істейді. Елді мекен ішіндегі 34 көшенің екеуі асфальтпен жабындалып, қалғанына қиыршық тас төселген. Көше бойына ауызсу құбырлары тартылған. Ауыл тұрғындарын Меновное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қабылдайды. Онда гинеколог, ем-шара кабинеттері мен зертхана жұмыс істейді. Ахмер ауылының өзінде учаскелік терапевт тұрғындарды қабылдау жүргізеді.
- Ауыл ішінде оқушыларды тасымалдайтын автобус кейбір көшелерге аялдамай өте шығады. Осының кесірінен таң қылаң бере ұйқыдан тұрып, едәуір қашықтықта орналасқан мектепке жүгіреміз. Осы орайда қосымша автобустар шығаруға, я болмаса олардың жүру бағыттарын өзгертуге болмас па екен?
Анар, тұрақты оқырман
- Ауылда 492 оқушыға арналған орта мектеп жұмыс істейді. Бүгінгі таңда аталмыш мектептен оқушылар "Ветеран-Инвест", "Звезда" және "Арман" бау-бақша серіктестіктері сияқты үш бағытқа арнайы бөлінген автобустармен тасымалданады. Ғайса Аязбаев және Тоғас көшелерінің бойымен жүретін автобус таңғы сағат 7.10-нан кешкі 19.30-ға дейінгі аралықта екі ауысымда жұмыс істейді, - дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Елена Литвинова. - Бұдан бөлек, ауылда бір шағын орталық пен екі балабақша бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамтиды. Атап айтсақ, Ахмер орта мектебінде 75 орындық шағын орталық жұмыс істесе, Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойында орналасқан "Еркетай", Қойшыбаев көшесінде "Даяна" мемлекеттік-жекеменшік балабақшаларының екеуі де 50 орынға шақталған.
Қалалық әкімдік оқушыларды тасымалдайтын қосымша автобустардың алдағы уақытта болар-болмасына уәде бермесе де 2019 жылдың 1 қыркүйегінде ауылда 1000 оқушыға арналған жаңа мектептің қолданысқа берілетінін хабарлады. Демек, жаңа мектеп әкімшілігі жаңадан шығаратын автобустарды жаңа бағыттар бойынша жіберуі ықтимал.
- "Өскемен-Семей" тасжолынан әскери қалашыққа дейінгі аралық жол азабын тартқызуда. Жол бойындағы автобус аялдамалары көшенің бір қапталында ғана орналасуына байланысты қала орталығынан келген автобус жүргізушілері аялдаманың жоқтығын сылтау етіп жолаушыларды әскери қалашықтың бұрылысына дейін алып кетеді. Зейнет жасындағы адамдар мен бала-шаға ақ қар, көк мұзда, қараңғы түнде үйлерін әзер табады. Жолдың бір жағына ғана салынған аялдамалар көшенің арғы бетінде неге жоқ? Ол жерге жабық аялдама орнатпай-ақ қойсын, тым болмағанда аялдама белгісі болса болар еді. Сонымен қатар қаладан қатынайтын автобустарға таңертеңгілік және кешкілік уақыттарда сыймай қаламыз. Қалыптасқан жағдайға сәйкес, жаңа автобус бағыттары ашылып немесе қосымша автобустар шығаруға болмас па екен?
Күлзипа, тұрақты оқырман
Естеріңізде болса, аялдамаға байланысты мәселені біз екі жыл бұрын қозғаған болатынбыз. Тұрғындардың осы мәселеге байланысты өтініштерін қала билігі өткен жылы ғана қарап, аялдама кешендерін жолдың бір қапталына ғана салып берген екен. Өкінішке қарай, мұнымен олардың мәселелері толықтай шешілмеген. Біздің екінші қайтара жолдаған сұраухатымызға аталмыш аралықта өткен жылдың желтоқсан айында үш аялдама кешені орнатылғанын айтып, қысқа қайырған қала билігі бұл жолы да тұрғындар тілегін түсінбеген сыңайлы. Ал қаладан келген автобус жүргізушілер болса, әлі де сол қалпында жолаушыларды көңілі түссе тоқтап түсіріп, түспесе әрі қарай алып кете беретін көрінеді.
- Ауыл ішінен қала орталығына қатынайтын №42, №55 және №71 үш автобус және №255, №256 маршруттық такси бағыттары бар, - дейді Елена Литвинова. - Барлық автобус бағыттары орталық көшелермен өтіп, Жаңа Ахмер, Ново-Явленка, 28 шағын аудан, Прудхоз ауылдарына барып тоқтайды. Алдағы уақытта Ахмер ауылына қатынайтын жаңа автобус бағыттарын ашу жоспарда жоқ.
- Көшелерде қаңғыбас иттер кезіп жүреді. Осы мәселеге тоқтау болмас па екен?
Арай, тұрақты оқырман
- Ауыл ішінде жортып жүретін қаңғыбас иттердің көзін жоюмен Өскемен қаласы әкімдігінің жаппай спорт дамыту бөлімінің №11 бөлімшесі айналысады, - дейді Елена Литвинова. - Бұл шара әр дүйсенбі сайын ұйымдастырылады. Тұрғындар өтініштері шұғыл түрде орындалады. Бұл жұмысты қалалық ауылшаруашылық ветеринария бөлімі реттейді.
- Көктемгі су тасқыны кезінде әскери қалашыққа апаратын жолдың күншығыс жақ қапталы өткел бермейтін өзенге айналады. Осы уақытта бала-шағамыздың өміріне алаңдап, оларды аялдамаға дейін жетектеп апарып, келерде күтіп аламыз. Бала тұрмақ ересек адамның өзіне өту күш болады. Қарғын су ағатын арықты тазартып, көшелерді қиып өтетін тұстарына көпір салып берсе дейміз.
Берік, тұрақты оқырман
- Көктемгі су тасқыны бойынша 2019 жылғы қыс-көктем маусымына шаралар жоспары жасалған. Аталмыш шаралар аясында Ғайса Аязбаев көшесіндегі су өтпе құбырлары мұз бен қоқыстан тазартылады. "Өскемен-Семей" тасжолынан Мелиораторлар көшесіне дейінгі барлық арықтар, құбырлар тазаланады. Қажет болған жағдайда Қондыбаев көшесіне үйінділер жасалынады. Сонымен қатар тасжолдың оңтүстік қапталынан, Жаңа Ахмер ауылынан саяжайлар массивіне дейін, Ахмер ауылынан "Гелиос" ЖҚС-не дейін арық жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр.
- Көшелердің жазда шаңы бұрқырап, көктем-күзде ми балшықтан аяқ алып жүргісіз. Қыста қар күрелмейді. Білгіміз келетіні, жергілікті әкімдік бөлінген ақшаны қайда жібереді осы?
Тұрсынхан, тұрақты оқырман
- Ауылда 34 көше бар, оның екеуінің жабыны асфальт болса, қалғанына қиыршық тас төселген. Биыл ауылдағы көшелерді жөндеу жоспарланған. Олардың тізбесі тиісті қаржы мөлшері бөлінген кезде белгілі болады. Ал қысқы маусымда жолдарды қардан тазарту жұмыстары "ЮА Трансстрой" ЖШС мен "Өскемен Тәртіп" мекемесі арасындағы келісім-шарт негізінде іске асырылады. Бөлінген қаржыға сәйкес бірінші кезекте орталық көшелер, қажет болған жағдайда барлық көшелер қардан тазартылатын болады.
- Біздегі электр энергиясының қуаты мүлдем аз. Токтың күші электр пеші былай тұрсын, жарық шамын жағуға да жетпейді. Кешкілік уақытта жарық шамдары мүлдем сығырайып майшаммен отырғандай күйде боламыз. Осы мәселені қосымша трансформатор орнату арқылы ретке келтіруге мүкміндік бар ма?
Мағира, тұрақты оқырман
Көшелерде орнатылған жекеменшік трансформаторларды дұрыс қолданбау және электр қуатының көзіне көп күш түсіруіне орай электр энергиясының жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі уақытта жаңадан бой көтеріп жатқан аумақтардың, Ахмер және Жаңа Ахмер ауылдарының жеке меншіктегі трансформаторларын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне өткізу шаралары жүргізілуде.
- Ақбұлақ көшесіне ауызсу құбыры жақын арада тартыла ма? Үйлеріне ауызсу құбырлары жетпеген ауыл тұрғындары үшін су колонкаларын тартуға болмас па екен? Мұндай колонкалар ауыл ішінде жоқтың қасы?
Берік, тұрақты оқырман
- Ақбұлақ көшесінен басқа, ауылдың барлық көшелері орталық су құбырларымен қамтылған. Ауыл ішінде көше колонкалары жоқ. 2019 жылы ауызсу құбырлары жетпеген көшелерге құбыр тарту жұмыстары жалғасатын болады.
- Ахмер ауылына жақында көшіп келген едік. Қолымызда азын-аулақ төрт түлігіміз бар. Көк шыға малды өріске жібергіміз келеді. Бірақ мал табыны жайында ештеңе білмейміз. Қай жерден мал жайылымы бөлінген, мал басына төленетін теңге қанша? Осы мәселені анықтап берсеңіздер екен.
Ақылжан, тұрақты оқырман
- Ахмер ауылында бір мал табыны бар. Өткен жылы әрбір мал басына тұрғындардан екі мың теңгеден алынған болатын. Көктем шыға филиал директоры және оның мамандары, ветеринария бөлімінің қызметкерлері, учаскелік полиция қызметкерінің қатысуымен жиын өтеді. Аталған жиналыста табынды ұстау ережесі және мал басына алынатын төлемақы мәселесі талқыланады. Ахмер ауылы қала іргесіне тиіп тұрғандықтан мұнда мал басын көбейту шектелген. Нақты айтар болсақ, Ахмер ауылы тұрғындарының мал табынын жаю үшін "Телевышка" ауданында 90 гектар жер телімі қарастырылған.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ