Ахмер кентінің тұрғындары көтерген кезекті мәселелер

825
көрілім

Көңілдерінде әлі де күдік бар. Осыған дейін қала басшысы бірнеше рет келгенмен олардың көкейінде жүрген мәселелер шешімін табар емес. Қазір көктемгі лай-батпақтың ізі де қалмаған. Сәуір айының басына қарай Өскеменге қарасты Ахмер кентіне бару жаяу-жалпылы адам үшін бір машақат. Не көлік, не су етік киіп алып қана межелі жерге жетуге болады. Алайда сол кезде жіберілген сұраухат жауабы бір айдан соң келіп, оны қазір сөз ету әбестік болар. Ахмерде басқа да түйткілдер бар.
Сәуірдегі сергелдең
Қаңғыбас иттер қаланың төрт бұрышын түгел қамтыған. Бұған қатысты облыс басшысы да қатаң шаралар, яғни тұрғындар өміріне қауіп төндіруін болдырмас үшін ату қажет екендігін айтқан болатын. Бірақ оны естіген кейбір ит жанашырлары мұны жауыздыққа теңеді. Ахмерде қоқыс маңынан бастап тұрғын үй ауласымен жосып өтетін қараусыз иттер көбеймесе азаймайтындай. Бұл туралы мүлде ақпарат берілмеді. Тіпті 9-10 сұрақтың төрт-бесеуіне зорға жауап жазылды. Ахмер кентінің негізгі мәселелерінің бірін қозғағанда 28-шағын аудан еске түскен. «Балшықта салынған үйлер» мақаласында сапасыз етіп салынған баспаналар жайлы жазылған еді. Ең маңыздысы, құрылыс жұмыстарын құжат жүзінде мақұлдап, шын мәнісінде географиялық орналасуы жағынан сазды жерде орналасуы екі жұмыс істеуге әкелген. Ахмер кентіндегі үйлер де дәл сондай кепте. Аз уақытта жүздеген, тіпті одан да көп жер үй бой көтеріп, қоныс тойын тойлағандар көбейе түскен еді бірнеше жыл бұрын. Бірақ қазір олар уақ-уақ салқын самалы ұйтқыған желге ұласатын көкжиекке жиі көз тастайды. Қыста да, жазда да аңызақ жел соғып, көктем болса жотадан жылжи аққан қар суы кентті тұтасымен алады. Көлігімен есік алдында батып, үй маңынан кәдімгі өзен болып жатқаны жылда қайталатын қалыпты құбылыс. Осы ретте тұрғындар негізгі арналарды ауыл шетімен айналып ағатындай етіп, бұрып көрсе дейді. Соның салдары кенттегі мектептің жертөлесіне жайылып, саналы ұрпақ оқытудан бұрын, сапалы құрылыстың өзін жоққа шығарған. Табиғи құбылыс екені рас, дегенмен жаз бен күздегі толассыз жауатын жаңбыр, көктемгі қар суы ахмерліктерді әбден титықтатқан.

Көктемгі қар суы мен жаңбырдан кейін Ахмер ауылы осындай көлшіктердің қоршауында қалады


Жөнделмеген жолдар
 Кеш батса қаша сырты мен көшелерге үрейлене көз салатын ересектер қауымы қараңғылық құшағында келе жатқан балаларына алаңдаумен жүреді.
– Сәкен Сейфуллин көшесі аяқталар тұста жарық орнатылмаған, – дейді Болат Сүлейменов. – Үйімнің жанындағы бағанаға 2017 жылы өзім жарық қостырдым. Осы көшенің 169, 170 мекенжайларын алсақ, шам тартылмағанына бірнеше жыл болды. Әкімдік өкілдері ауылішілік жолдарды әлі жөндемеді. Күре жол, яғни асфальт төселген жақтан көше бұрылыстарына дейінгі қаражолды көтере түссе оқушыларға жер езілгенде мектепке бару жеңілдейтін еді.
Бұл ғана емес, Мирас, Жаңакөш көшелерінің тұрғындары да жол жоқ, әрі жарықтың толыққанды тартылмағандығын алға тартты. Осының қала басшылығына жетіп, шенеуніктер құлағына сіңуі үшін өтініш-шағым жазылған қағазда тұп-тура 36 адамның қолы қойылған. Шұрқ тесік жолдың қаншалықты мүшкіл халде екенін көлшіктерге қарап шамалай беруге болады. Себебі сәуір айының басында жол бетін қар суы алып, тесіктер анықтай көрінбеген еді.

 


Шенеуніктер шын айта ма?
Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшылығындағылар жолға қатысты оң ақпаратпен бөлісті. Жаңакөш көшесі тілге тиек етілді.
– Сәкен Сейфуллин және Мирас көшелерінде жарық бар, – деді жауапты тұлғалар. – Жаңакөш бойынша көшені жарықтандыруға тексеріс жүргізіледі. Жарық болмаған жағдайда бұл учаске жарықтандыруды жабдықтау үшін қосымша қажеттілікке енгізілмек. Жаңажол көшесі бойындағы жолды жөндеу биыл қарастырылмаған. Ұзындығы 1190 метр, ені 5,5 метр болатын жолға қиыршық тастар төсеу бойынша тізімге Жаңакөш көшесі енгізілген.
Мерей көшесінің бойында Омарова көшесінен бастап асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған. Бұл №49 мектеп жаны. Бұдан бөлек, уақыт интервалы алшақтап кететін №№42,55 автобустардың қазіргі жағдайы белгілі болды, ресми жауап жүзінде. Ахмер кентіне қазіргі уақытта №42 «Өскемен вокзалы-Жаңа Ахмер» бағытының 11 автобусы және №55 «Ивушка-Жаңа Ахмер» бағытындағы тоғыз автобус қызмет көрсетеді., Желілік интервалы төрт-бес минутты құрайды. Әкімдіктегілер көлік көбейген кезде қозғалыс аралығы екі есе артып, №42 маршрутта 16 минутты және №55 маршрутта 20 минутты құрайды дейді.
Бекітілген қозғалыс кестесі қолданыстағы жолаушылар тасымалы негізінде әзірленген. Ол толығымен орындалған жағдайда осы кестелер саны Ахмер кентінің тұрғындарына қызмет көрсетуге жеткілікті деп жазылған.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуретте автордікі