Ұлан ауданы аумағындағы «Ақбауыр» археологиялық кешенінен 2 мыңға жуық қыш ыдыстар мен тұрмыстық құрал-сайман табылған. Кешенде ерте темір және қола дәуіріне тиесілі жалпы 6 қоныс бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы қазба жұмыстарының басталғанына көп уақыт өтпесе де, қоныстан табылған тарихи жәдігерлердің саны біршама. Маусым басталғалы 1400-ге жуық керамика ыдыстары мен тұрмыстық заттардың қалдықтары, 300-ге жуық тас құралдар мұражайға алынды. Бұған дейін сақтардың мекен еткен жері мен жерлеу орындары зерттелсе, Ақбауырдағы алты қоныс сақтардың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Сақ мәдениетінің жаңа қырлары мен жаңалықтары осында дейді археологтар.
- «Ақбауыр» археологиялық кешеніндегі 6 қоныс б.з.б 4-6 ғасырларды қамтиды. Дәл қазір кешеннің ең үлкен №1 қонысында қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар сақ мәдениетіне тән емес деп танылған жаңалықтарға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Себебі, табылған жәдігерлер сақтардың тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана емес, егіншілік және тіпті металлургиямен айналысқанын дәлелдеп отыр, - дейді ШҚО «Облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарихты, археологияны және этнографияны ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің тарихшы маманы Шұғыла Меделбекқызы.
Зерттеу кезінде қоныстардан ең көп табылғаны – керамикалық ыдыстар мен тұрмыстық құралдар. Ең қызығы, сақтардың керамикалық ыдыстарды өте ерекше әдіспен жасауы. Олар жергілікті шикізатты пайдаланып, қыш ыдыстың беріктігін сақтау үшін тіпті тезек дайындап, оны қолдана білген. Табиғи отынды 1200-1300℃-қа дейін қыздырып, қыштан тұрмысқа керек түрлі бұйым жасалды. Зерттеушілердің айтуынша, керамиканы жасауды сақ еркектері де, әйелдері де білген. Олар құралдарға түрлі өрнек сызып, түрлі пішінге келтіріп, мәдениеттің сол заманда бастау алғанын көрсетеді.
- Қоныстар ежелгі тас және қола дәуіріне тиесілі. Негізгі алты қоныстың біреуінен қола дәуірінің жәдігерлері табылса, қалған қоныстар аралас кезеңдерді қамтиды. Қоныстарда мәдени кезеңдер көп, айтылған ерте темір және қола дәуірінен тыс этнографиялық қазақтардың тұрмыстық қалдықтары да шығуда. Бір қабаттан екінші қабатқа түсу оңай емес. Табылған жәдігер қай кезеңге тиесілі екенін анықтау ұзақ уақыт алады. Сондықтан «Ақбауыр» археологиялық кешенін толық зерттеу барысы баяу жүруде, - дейді ғылыми қызметкерлер.
Археологтар қоныстардан сақ мәдениетіне тән егіншілік пен ежелгі металлургия іздерін тапты. Тастан жасалған кетпен, балта мен балғаның ұштары, тас дискі, қайрақтардың қалдықтары сол заманда адамдардың егіншілікпен айналысқанын дәлелдейді.
- Бір айдың өзінде 300-ге жуық тас құралдар табылды. Маусым біткенше жәдігерлердің саны еселенетініне сенеміз, - дейді тарихшы маман Шұғыла Меделбек. - 2019 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстары әлі де жалғасын табады. Қоныстардан табылған жәдігерлердің тұтас тарихын қалау үшін кемі он жыл уақыт керек.