Ақбілектің прототипі – Дариға Әбішқызының ұрпақтары қайда жүр?

1554
көрілім

           Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілектің прототипі – Дариға Әбішқызының өмірі әлі де көп зерттеуді қажет етеді. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың есімін ел жадында жаңғыртқанымызбен, тұлғатану тұғырына Дариға ананы көтере алмай келеміз. Абзал ананың ұрпақтарымен, көзін көрген кіші келіні борандық Мағишат апамен сұхбаттасып, бұл мақалада қайғыға қайыспаған тағдырлы ананың үрім-бұтағы жайлы ой толғауды жөн көрдік. Ақбілек ананың қуғын-сүргіннен, ақ сүйек жұттан аман алып қалған ұрпақтары бұл күнде үлкен әулетке айналған екен.

Сол жақ ортадағы ақ кимешек киген Дариға Әбішқызы, сол жақта ұлы Әмірғұмар, оң жақтағы Ниязбек

«Апам бәрін аман алып қалды»

         Дариға Әбішқызының өткен ғасырда өмірінің зерттелмей қалуына қылышынан қан тамған кеңестік саясаттың салқыны себеп болғаны сөзсіз. Большевиктер бай-кулактардың игі ісін шығармаларына арқау еткен қаламгерлердің басынан сипай қойған жоқ. Қабдеш Жұмаділовтың кеңес заманындағы ақын-жазушыларға «қапастағы бұлбұлдар» деп баға бергені де сондықтан. «Молда мен байларды, қойдай қу қамшымен» деген өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұран болыс болған Дариға ананың ауылын құйындай соғып өтті. Азамат малсыз, арғымақ жалсыз қалған қанқұйлы шақ еді бұл. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, жамандық жалғыз келген жоқ. Жұбайы Өтеулінің Қытайда жау қолынан мерт болуы, Дариға ананың бері қайта көшіп келуі «Ақбілек» романында жазылмаса да, ұрпақ үшін жанұшырған қазақ әйелінің жанкешті өмірі тағы бір кітапқа жүк боларлықтай еді.

          – Біздің бала кезімізде Марқакөл өңіріндегі Жаңауыл іргелі ауыл болатын. Дариға ананың өмірі сол ауылда өтті. Қытайдан келгесін «бұрынғы байлар» деп атағы шығып қалған Дариға ана қуғын-сүргіннен қорқып, балаларының тегін Қоқымбаев деп өзгертіп алған. Кеңес өкіметі кезінде балаларын Өтеулин тегіне өзгертуге Дариға ананың батылы бармаса керек. Менің жұбайым бертін ғана Өтеулин деп тегін ауыстырды. Жарықтық Ниязбек қайнағам бірінші санатты мұғалім, білімді математик еді. Амал не, өмірден өтіп кетті, – дейді Дариға Әбішқызының немере келіні Күлзира Тоқтарбайқызы.

Мағишат Смағұлқызы

         Күлзира Тоқтарбайқызы арқылы Дариға ананың кенже ұлы Ниязбек Қоқымбаевтың зайыбы – Күршім ауданының Марқа өңіріндегі Боран ауылында тұратын Мағишат Смағұлқызымен телефон арқылы байланысқа шықтық. Мағишат апа – Дариға ананың көзін көрген алдыңғы буыннан қалған жалғыз өкіл екен. Жұбайы Ниязбек Қоқымбаев өмір бойы оқу-тоқудан қолы босамаған білімдар кісі болыпты. Өмір бойы Құмаш Нұрғалиев атындағы Боран мектебінде мұғалімдік қызметте болды. Дариға ана Жаңауылда тігінші болып жұмыс істеп жүргенінде қоластында Мағишат есімді бойжеткен бірге іс тігеді. Ниязбек Мағишатқа ғашық болып, көп уақыт өтпей екеуі отбасын құрып, шаңырақ көтерген. Ниязбек ата осыдан он екі жыл бұрын өмірден өткен екен. Сексен екі жастағы Мағишат Смағұлқызының айтуынша, Дариға ананың соңында Әмірғұмар (Шәукен), Ниязбек, Қадыр, Мағишат, Сағдолда атты бес баласы қалған. Осылардың ішінде Дариға ананың өз құрсағынан шыққан екі ұлы – Әмірғұмар мен Ниязбек. Дариға ананың кенже келіні Мағишат апа енесін «апам» дейді екен. Өтеулі атаның Қытайда аса қатігездікпен өлтірілгенін, басы бір жақта, денесі бір жақта қалғаны туралы қайғылы оқиғаны естігенін айтады. «Өтеулі өлді» деген хабар келген кезде Ниязбек екі жасар бала екен. Қаралы хабардан кейін Дариға Ниязбекті шешесіне қалдырып, Қытайға бет алады. Мағишат апаның айтуынша, жолсапарда жүріп Дариға ана көпірдің астынан жетім бала тауып алып, бауырына басады. Ол – Сағдолда Батхолдинов деген сол кезде үш жаста ғана болған татар баласы екен.

– Апам тауып алған баласын асырап алады. Оны қайнаға деп атайтын едім. Бертінге дейін өмір сүрді. Апамыз оны ешкімнен кем-қор көрген жоқ. Жеке отау етіп шығарып, алдына малын салып беріп, өзін мұғалімдікке оқытты, – дейді Мағишат Смағұлқызы. – Ол кезде жоқшылық заман еді ғой. Енем іс тігіп, нан табатын. Бес баланы әкесіз өсірді, жетілдірді. Апамның өз шешесін көрген жоқпын. Талай жыл өтті ғой, балам. Апа 1902-1956 жылдар аралығында өмір сүргенін білемін. Ауырып қайтыс болды. Мәңгілік мекені Жаңаауылда.

Дариға Әбішқызының кенже ұлы – Ниязбек Қоқымбаев білімді математик болған екен. Өскемендегі жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін білімін Алматыда жалғастырады. Кейін Боран ауылында, Теректіде (қазіргі Марқакөл ауылы) математика пәнінен дәріс берген. Ниязбек пен Мағишаттан жеті бала өрбіп, екеуі қайтыс болған. Бүгінде кейуана Боран ауылында тұратын ұлы Мараттың қолында. Үйінде Дариға ананың өз қолымен сырған сырмақтары күні бүгінге дейін сақтаулы екен.

– Ниязбек те, апамның басқа балалары да көп қиыншылық көрді ғой. Шешесін «байдың баласы» деп аяусыз қудалады. Апам қорыққанынан біреулер алып кетпесін деп балаларын молаға қамап қояды екен. Соғыстан кейінгі жылдары елбесіп-селбесіп он екі отбасы бірлесіп ғұмыр кештік. Семейден оқу оқып келгеніммен, апам маған «балаларға тамақ пісіресің» деп бұйырды. Тал жағып, барымызды талғажау еттік. Мал өсірдік. Апам ауылдың аш-жалаңаш жетім балаларын да аштықтан аман алып қалды ғой. Өз балаларын асырап-сақтап, оқытып-тоқытып жеткізген де сол апам, – дейді Мағишат апа.

Мұраттың бір мұраты бар еді…

         Күлзира апайдың ері Мұраттың әкесі Әмірғұмарды мұрттың Шәукен атап кеткенін бұрын да баян еткенбіз. Шәукен ата 1923 жылы дүниеге есігін ашқан екен. Дариға ананың бауырында өскендіктен, ерекше еркелеу, тентектеу, бірбеткей кісі болған деседі. Қанша дегенмен, болыстың баласы – айтқаны заң, дегені пәрмен. 1941 жылы соғыс оты тұтанады да жасы жиырмаға да жетпеген Әмірғұмарды майданға алып кетеді. Алайда арада бір жыл өткенде Курск түбіндегі қанды шайқаста жамбасына дейін бір аяғынан айырылып, Әмірғұмар ауылына оралады. Ешкім Дариға апаға қарсы келмейтінін білетін Әмекең бір аяқсыз да бірбеткейлігінен танбапты. Әмірғұмар ата соғыстан оралғаннан кейін бөлімшенің есепшісі болып жұмыс істейді. Арада көп өтпей зайыбы қайтыс болып, Марқакөл ауылындағы (бұрынғы Теректі) өзі құралпы жалғызбасты әйелмен бас құрайды. Әмірғұмар теректіге кеткен соң Дариға апа кенже ұлы Ниязбектің қолында қалады. Ол осыдан кейін есепшілікті қойып, Семейде сырттай мұғалімдік оқуға түседі. Екінші әйелі де мұғалім болған екен. Әмірғұмар зейнеткерлікке шыққанға дейін Теректі орта мектебінде география пәнінен сабақ берді. 2007 жылы дүниеден өтті.

Әмірғұмар (Шәукен) Қоқымбаев (Өтеулин)

         – Ниязбек аға мұғалім болып еңбек ете жүріп, Марқакөл ауылына көшеді. Дариға ананы да өзімен бірге алып барады. Ниязбек ағамыз бен Мағишат жеңгеміз ол жақта тұрақтамай, қайтадан Жаңауылға көшіп келген екен. 1956 жылы Дариға ана ауырып қайтыс болған. Үлкен ұлының артында алты баласы қалды, – дейді бүгінде Глубокое ауданының Перевальное ауылында тұратын Өтеулиндер әулетінің келіні Күлзира Тоқтарбайқызы.

         Әмірғұмардан Мұрат, Сәжида, Қажымұрат, Сейітмұрат, Күланда, Гүлбадан атты алты бала тарайды. Төрт жасына дейін Дариға ананың бауырында өскен немересі Мұрат Өтеулин 2011 жылы бақилық болды. Қалған бес баланың екеуі Марқакөл ауылының тұрғындары болса, үшеуі Өскемен, Глубокое, Самсоновка жақта тұрады. Зайыбы Күлзира Тоқтарбайқызының айтуынша, Мұрат аға мінезі биязы, білімді, мәдениетті, тура Дариға ападан аумай қалған деседі.

Мұрат екеуіміз үш баланы өсіріп, жеткіздік. Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін өзгелер сияқты Марқакөл өңірін жұмыссыздық жайлады. Балалардың қамымен қалаға жақын жерге көшіп баруға бел шештік. Теректідегі үлкен үйімізді сатып, Глубокое ауданының Перевальное ауылына көшіп келдік. Екеуіміз де доғары білімді мал дәрігері маманы болсақ та, жұмыссыздық мұнда да бізді біршама әуре-сарсаңға салды. «Неге келдік?» деген сұрақ жиі мазалайтын. Екі жыл жұмыссыз отырғаннан кейін 1998 жылы Мұрат жүз елу орыстың ішіндегі жалғыз қазақ болып құс фабрикасына жұмысқа орналасты. Кейін еңбекқорлығы арқасында қызметі өсіп, марқакөлдіктерді осы ауылға шақырып алған Мұрат еді. Жерлестерін жұмыссыздық қинап тұрған кезде құс фабрикасына жұмысқа орналастырып, көмегін тигізді. Жолдасымның бір арманы – Дариға анамыздың атын тарихта қалдырып, ескерткіш орнату еді. Өмірінің соңғы бес жылында сырқаты меңдеп кетті де, ойына алған игі ісін орындауға шамасы келмеді, – дейді Күлзира Тоқтарбайқызы.

Қазылмай жатқан қазына

         Екі келініКүлзира Тоқтарбайқызы мен Мағишат Смағұлқызы Дариға ананың есімін ел жадында қалдыруды армандайды. Әрине, ол үшін толағай жұмыс, қомақты қаражат керек.

Қазір Жаңауылда Дариға ананың қасында Мұраттың бірнеше туыстары жатыр. Соның басын көтеріп, ескерткіш қалдыратындай бір игі іс атқарсақ деп едік. Жаңауыл мектебінің алдына да Дариға ананың кеудемүсіні орнатылса деген ізгі арман бар. Дариға ананың атын тарихта қалдырғымыз келеді. Ақша билеген мына заманда бұл мүмкін болар ма екен? Зиратын қоршап, ауыл жұртшылығының басын қосып Құран-қатым бағыштасақ деп едік. Қанша айтқанмен, Дариға ананың көзін көргендер де бар ғой ауылда, – ддейді Күлзира апай.

         Осындайда тұлғатану бағытында мемлекет тарапынан қолдау болса деп қиялдайсың. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. «Өткеніңе мылтық кезесең, келешегің сені зеңбірекпен ататынын» ұмытқаннан ба, өткенді зерттеу-зерделеу жұмысына қолдау жетпей тұрған сыңайлы. Алайда «Алаш партиясының 100 жылдығы» көлеңкеде атаусыз қалып жатқан мына заманда өзге ұлттық құндылықтарымызды қолдау жайлы ауыз ашудың өзі артықтау секілді. Әттең, бір кем дүние…

Аян ӨРІБАЕВ

Фотосуреттер Күлзира Тоқтарбайқызының жеке альбомынан алынды