Бұқтырманың оң жағалауында орналасқан Аққайнар-Жаңаүлгі аралығындағы жол бөлігі тұрғындардың ығыры мен дығырын шығарғанына 30 жылға жуықтапты. Туризм «түре гел» деп лауазымды азаматтар шыр-пыр болғанмен экономикалық жағынан Катонқарағайға туристер тарту барысы мен әкелер табысы әлі де айқындалмай келеді. Тұрғындар мұның бір себебін әлі де болса ауылдар аралығын жалғайтын жолдардың сиықсыз, жөндеу көрмегендігімен байланыстырды. Ресми жауап не дейді?
Туристер өтетін торап
«Жаңаүлгі – Берел» аралығы аудандық маңызы бар жол деп саналғандықтан қаржы бөлінбей тұрған көрінеді. Осыны алға тартқан Аққайнар ауылдық округі азаматтары тұмса табиғат пен флораны да мысал етті. Айталық, бұғы, теңбіл бұғы, марал жортқан Бұқтырманың оң жағалауы қазір инфрақұрылымды қолға алуды қалайды.
– Іргемізде «Шабанбай» дейтін ертеден ел аузында айтылып жүрген тамаша жерлеріміз бар. Ірілі-ұсақты көлдер маңайындағы қоянжонданған бел-белестерге көрік беріп, айналаның өң беріп тұрады. Табиғаты әсем, тарихы тереңге кеткен өңірге неліктен асфальт төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізбеске? – дейді тұрғындар.
Бұқтырманың бері жағында қоныс тепкен төрт-бес ауыл – Қайыңды, Қызылжұлдыз, Жамбыл, Ақмарал, Аққайнар елдімекендері талай жылдан бері тозған жолдың машақатын көріп, осыны аудан, облыс басшылығы назарға алса дейді. Ал ең әуелі алға тартқан өтініш-тілектері Аққайнар – Жаңаүлгі аралығындағы 12 шақырым жолға асфальт төсеу. Себебі келімді-кетімді қонақтар мен туристердің бір бөлігі осы бағытпен қозғалады. Осыған дейін тірек ауылдары деп аталатын тізімге енген Солдатова, Өрел, Топқайың сынды ауылдардың ішкі жолдарының өзі жөндеуден өткен. Өкінішке қарай, мана айтылған 12 шақырым күні бүгінге дейін қыбыр еткен тірліктің куәсі болмай келеді. Бір есептен, аққайнарлықтар түсініп бағады: атқарылған жұмыстардың барлығы жоспарға сәйкес іске асырылған, алайда әр жылы бөлінетін қомақты қаржының бір бөлігі ауыларалық жолдарға жұмсалса туризм тұрғысынан табыс әкелуге деген ұтымды қадамдардың бірі болар еді.
Жөндеу жұмысы басталған
Шекаралық аумақта тұрған аудандарды тұралтпаудың сенімді қадамы – ауыларалық жолдарды жөндеу екендіктеріне бек сенімді. Осыған қатысты аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер берген жауапты ұсынайық.
– Жаңаүлгі – Жамбыл – Берел бағытындағы жол орташа жөндеуді қажет етеді. Оны күтіп ұстау ауылдық округ әкімдігінің құзыретінде. 2021 жылы Берел – Жамбыл бағытының 10 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жаңаүлгі – Жамбыл – Берел бағыты аудандық маңызы бар жол, осыған сәйкес жөндеудің I-ші кезеңі басталды. Жалпы, аудандағы туримзді дамыту үшін Согорное – Барлық – Ақсу 14 шақырымы, сосын Топқайың, Өрел және Көктерек ауылдарының жолдары жөндеуден өтті, – делінген мәліметте.
Демек тұрғындар сөз еткен мәселе елеусіз қалмаған. Мұны облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров та растады. Айтуынша, аудандағы туризм мен экономиканы дамыту мақсатында 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес 2022 жылы аудандық маңызы бар Жаңаүлгі –Жамбыл – Берел 0-18 шақырым, 2023 жылы 18-36 шақырымы орташа жөндеуден өтпек.
***
Жағымсыз статистика алдағы жылдары картадан сызылып кету қаупі бар елдімекендерді де атады. Әлбетте, бетін аулақ қылсын дейміз. Тұрғындар соңғы жылдары Аққайнар ауылына 70-тен астам шаңырақ көшіп келгендігін жеткізді. Ал 2017 жылы Президент тапсырмасы аясында Жамбыл облысынан 12 отбасы келіп қоныстаныпты. Бұл жерде бірнеше ауыл мысал етіліп тұр. «Осы үрдіс әрі қарай жалғасын тауып, ауыларалық жолдар жөндеу көрсе аудан да дамиды ғой» десті аққайнарлық азаматтар.