Ақмоладағы қорықшыларға оқ атқан браконьерлер қолға түсті

343
көрілім

Полицейлер «Охотзоопром» ӨБ РМҚК Ақмола филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілерді із суытпастан қолға түсірді. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінен мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

"Жедел іздестіру шаралары кешені нәтижесінде Ақмола облысы Полиция департаментінің мамандары аңшылық шаруашылық қызметкерлеріне шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді. Ұсталғандар Арқалық қаласында тұратын әкелі-балалы болып шықты. 45 жастағы әкесі мен оның 20 жастағы ұлы қылмыстық айғақтарды жою үшін автокөліктен құтылмақ болған. Алайда тәртіп сақшыларының бірлесіп әрекет етуінің арқасында күдіктінің екеуі де Қостанай облысының аумағында ұсталды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарлағандай, Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалған. Браконьерлер инспекторларға оқ атып, салдарынан біреуі қаза болды, екіншісі ауыр жарақат алды. Қаза тапқан қорықшының артында төрт баласы қалды.