Семей қалалық №2 сотында Ақтөбе қаласында қаржы пирамидасын құрып, халықтың қомақты қаржысын қалтасына басқан кәсіпкер әйелдің ісі қаралды. Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы заңсыз қызметін 2015 жылдың шілде айында бастап өткен жылдың қаңтарына дейін 71 миллион теңгеден астам пайда көрген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үш жыл бұрын Ақтөбе қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 45 жастағы әйел адам пайда табу мақсатында құрбысымен сөз байласып қаржы пирамидасын құрмақ болады. Ойға алғандарын іске асырған олар арнайы сайт ашып «жеңіл ақша тапқыларыңыз келсе бізге қосылыңыздар» деп халық арасында үгіт-насихат жүргізе бастайды. Қаржы пирамидасына қызығушылық танытқандар олардың есепшотына өз ақшаларын аударған. Құрбысы көз жұмғаннан кейін де сотталушы заңсыз кәсібін дөңгелете береді. Сөйтіп, ол алданған тұрғындардан 71 миллион теңгеден астам қаржы пайда көрген.
Сот үкімімен айыпталушы қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткені үшін кінәлі деп танылды. Кәсіпкер ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленді. Алайда оған ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасалып бас бостандығынан айыру жазасы 2 жыл 6 айға дейін төмендетілген. Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазасын өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.