Осыдан тура мың жыл бұрын данышпан Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» еңбек жазып, бақытты қоғам құрудың жолдарын ұсынған-ды. Аталған трактатта «әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қолұшын беретін қоғам» жайындағы аңсарлы үмітті көретінбіз. Бүгінде он ғасыр бұрынғы Әл-Фараби идеясына жан бітті. Жарты әлемді жаулаған «ақылды қала» концепциясы «қайырымды қала» тұжырымымен үндесіп жатқандай. Қазір әлем бойынша 2500-ден астам шаһар осы «ақылды қала» тұжырымдамасын ұстанады. Технологиялық тұрғыдан әсіресе Сингапур, Лондон, Нью-Иорк қалалары көш басында тұр. Басқару жүйесі озық, инфрақұрылымы жетілген, экономикалық көрсеткіштері жоғары қалалар тұрғындар үшін барынша қолайлы. Мұндай мегаполистер халыққа жайлы өмір сыйлап, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қоғамның сұранысы мен жаһандану үрдісі біздің елді де цифрлық өркениет жолына бастағаны айқын. ТМД елдерінде баламасы жоқ үздік технологиялық шешімдер ең алғаш Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласында жүзеге асты. Елордадан 100 шақырым қашықтықта жатқан қалада 14 мыңға тарта тұрғын бар. Елді мекеннің инфрақұрылымдық көрсеткіші де бұл жерді «ақылды қалаға» айналдыру үшін тиімді. Осы бағытта таңдалған Ақкөл қаласында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы желілік магистралынің техникалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығы қарқынды жұмыс істеуде. Бұл орталық шағын шаһардың әлеуметтік ахуалын бағамдап тұратын бірегей алаңқай деуге болады. Яғни энергия ресурстарына экологиялық мониторинг, бейнебақылау жүйесі, бақылау және есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен келіп түсетін мәліметтер «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына жіберіледі. Ахуалдық орталық қаланы стратегиялық және тактикалық тұрғыдан басқару, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөнінде уақтылы келіп түскен мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Smart sity тұжырымдамасының кәдімгі қалалардан айырмашылығы – энергия тиімділігін өлшеу, экологиялық жағдайларға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу озық инновациялық әдістер арқылы жүзеге асырылады.
«Ақылды қала» ақылды орта қалыптастырады
Халықаралық тәжірибелер «ақылды қалалардың» артықшылықтарын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Аталған тұжырымдама алдымен энергоресурстар үшін үлкен үнем. Мәселен көшелерді электрэнергиямен жарықтандыру – 60%, жылуды тұтыну - 30%, коммуналдық қалалық желілерге қызмет көрсету шығыны – 30%, электроэнергияны пайдалануға арналған есепшоттар – 26% дейін азайған. Сонымен қатар, қаланың қоғамдық қауіпсіздік қызметі де жақсара түседі. Бұл цифрлар смарт ситиді таңдайтындардың санын еселемесе, төмендетпесі анық. Ақкөл қаласының түгелдей қамтитын маңызды ақпарат жинау жоспарымен «Қазақтелеком» АҚ қажетті цифрлы инфрақұрылым түзіп қойды. Атап айтар болсақ, 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі, LoRaWAN энергия тиімділік желісі, қоғамдық LTE және Wi-Fi желісі тұрғындардың игілігіне жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде бейнебақылау жүйесі құрылғыларын қосу, экологиялық мониторингілеу және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу, жол трафигін, өрт қауіпсіздігін, көшені жарықтандыру және басқа да IoT датчиктерді басқару мүмкіндігін қамтамасыз етті.
«Қазақтелеком» АҚ Жаңа қызметтерді дамыту департаментінің директоры Самат Имбаевтың айтуынша Ақкөлде ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар аз емес. «Қаланы дамыту барысында біз «салалар бойынша технологиялардың ену деңгейі» көрсеткіштерін басшылыққа аламыз. Сандарды сөйлетер болсақ, Ақкөл қаласында 6,5 мың үй шаруашылығы бар, біз PLC технологиясы негізінде үйлерді энергия тұтынуды есепке алу құрылғыларымен толық қамтыдық. 6,5 мың үй шаруашылығының 4,5 мыңы сумен қамтамасыз етілді. Су шығынының көрсеткіштерін алу LoRaWAN энергия тиімділік желісі арқылы жүргізіледі. Бүгінгі таңда қалаға 7 базалық станция қойдық. Деректерді беру үшін импульсті және оптикалық порттары бар радиомодульдердің 2 түрі пайдаланылады. Бұл технологиялар тәжірибе барысында өзін толықтай ақтады деуге болады».
Қала бойынша 100-ге тарта бейнебақылау камералары орнатылған. Алдағы уақытта тың технологиямен жабдықталған камералардың саны арта түспек. Бұл маңызды қадам тектен текке жасалып отырмағаны белгілі. Себебі аталған құрал қылмыс фактілерін ашу мен алдын алуға зор мүмкіндік беріп отыр. Негізінен құқық бұзушылық, қылмыс оқиғалары адам аяғы аз, жарықпен қамтылмаған, қараусыз жерлерде жиі тіркеледі. Қараңғы жерде қанша жерден бейнекамера болғанымен, күдіктіні анықтау мүмкін емес. Осы бағытта «Қазақтелеком» елді мекенге 250 «ақылды шам» орнатты. Олардың бір ерекшілігі күн жарық болғанда бағанадағы шамдардың жарығы бәсеңдейді, керісінше кеш кіріп, түн келгенде шырақтар самаладай жарқырайды. Яғни «ақылды шамдар» экономикалық жағынан да, қауіпсіздік тұрғысынан да барынша тиімді. Департамент директоры Самат Имбаевтың сөзінше, «Заманауи әрі тың технологиямен жұмыс істейтін бейнебақылау камералары сараптама жасауға оңтайлы. Мәселен, жол транспортының бұзылуы, көліктің қарсы бетке шығып кетуі, ереже бұзған көлік жүргізушісінің мемлекеттік нөмірін анықтау ісінде кәдеге жарап тұр. Бейнебақылаудың бір ерекшелігі адамның түрі мен қиымл-қозғалысына қарап оның қауіпті не қауіп төндірмейтіндігін анықтап береді. Қаладағы адамдар көп жүретін орындар - мектеп, аурухана және мемлекеттік органдарға видеокамералар орнатылды. «Қазақтелеком» компаниясы серіктестерімен бірлесіп жасанды интеллект бойынша түрлі қызықты кейстар жасады. Атап айтсақ, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылық, қарулы адамдардың қай жерде жүргендігі, қауіпті деген бір зат анықталса дереу орталық жүйеге хабарлама түседі. Ал ауқымды инфрақұрылымды оператор. талшықты-оптикалық байланыс желісін барлық көрнекті орындарға енгізілген. Жаңа технологиялар, бейнекамераларды орнату, жоғары жылдамдықтағы трафикті беру ісі көп уақытты қажет етпейді». Игілікке толы инновациялық құрылым қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің жұмысын оңтайландырып отыр. Енді олар қаланың қуыс-қуысын тінтпей-ақ бір жерде отырып тиісті сараптама жасай алады. Сондай ақ бұл қолжетімді қызмет түрі ата-аналардың да көңіліндегі алаңды басты. Мектептерге орнатылған талшықты оптикалық желінің көмегімен олар баласының іс – әрекетін бақылауда ұстайды. Бейне контент 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Анықтап айтсақ, онлайн режимінде операторды экранға шығару үшін және орталықтандырылған мұрағатта мәліметтерді сақтау үшін. Деректер 4G сигналының немесе Wi-Fi желісі арқылы өңделіп, жеткізіледі. Мұндай сапалы бейнематериал бір ай бойы сақталады, оны кез келген қажеттілік кезінде қолдануға болады.
Қазіргі таңда «ақылды қала» нақты шешімдер мен негізгі міндеттерді талап етіп отырғаны белгілі. Мысалы, LoRaWAN сымсыз технологиясы бойынша датчиктерді орнату жылумен жабдықтау, су құбыры желілеріндегі қала ресурстарының шығынын тиімді анықтауға мүмкіндік берді. Көлемі сіріңке қорабындай ғана құрылғы қуат көзін қажет етпей-ақ үздіксіз 5 жыл жұмыс істейді. Ақкөлде күн сайын әр үйдің қанша мөлшерде су мен электр қуатын тұтынатыны автоматты түрде есептеледі. «Қазақтелеком» қызметкері Самат Имбаев берген дерекке сүйенсек 4500 су есептеуіші, 6000 электр қуатын есептеуші орнатылған. Ақылды технология арқылы қаладағы үйлердің су немесе энергия ресурстарын пайдаланған, пайдаланбағаны туралы мәлімет алуға болады. Мәселен елді мекендегі үйлердің бірнеше күн бойы су мен электр тогын тұтынбаса ахуалдық орталық мамандары дабыл қағады. Яғни тиісті уәкілетті органдарға ақпарат жібереді. Әлеуметтік қызметкерлер үйге барып жағдайдың анық-қанығына көз жеткізеді. Сонымен қатар озық технология негізінде су құбырындағы ақаулар мен жарылулар коммуналдық қызметтерге дер кезінде белгілі болады. Осылайша қала әлеуеті жайындағы күллі деректер ахуалдық орталықтан дереу табылады. Ауқымды орында call-орталықтан бастап, мониторинг шығаруға арналған бейнеқабырға, байланыс жүйесі іске қосылғаны тұрғындардың өуанышын еселеді.
Айтақырда тұрған Ақкөл қаласын «ақылды қалаға» айналдырған әлемдік тұжырымдама Елордада 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазір шаһардың тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жүйесі іске қосылды. Атап айтсақ көшелерді жарықтандыру бағаналарында «Заттар интернеті (IoT)» қызметі енгізілуде. Аталған қызмет түрі өзге есептегіштерден мәлімет алу үшін бірыңғай сымсыз жүйе, ақпараттық кесте, авариялық көмек түймесі, фотобейнетіркеу, көлік ағынына мониторинг жасау т.б сервистерді жүзеге асыруға жол ашады. «Ақылды шамарды» іске қосу арқылы бюджеттің қаржысы шығын болмай, сәйкесінші үнемделе түседі.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 6000 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олардың қатарын 70 «бұлтты» бейнебақылау камералары толықтырды. GPON желісі арқылы іске қосылған бұл құрылғыларды «Қазақтелеком» АҚ орнатып жатыр. Компанияның Жаңа қызметтерді дамыту департаментінің директоры Самат Имбаевтың мәліметінше инновациялық қызмет түрі қаладағы қабатты тұрғын үй тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуді көздейді. Сонымен қатар азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін де аталмыш құралдың маңызы зор. Кіреберістерге арналған камера подъездің бірінші қабатында және есіктің маңдайшасында орналастырылған. Бейнебақылау құралындағы деректер тек сол кіреберістен кіретін тұрғындар үшін қолжетімді. Мұндай «бұлтты» камераларды тұрғындар мобильдік қосымшалар арқылы онлайн режимде пайдалана алады. Тұрғындар осы құралдан соңғы жеті тәулікте жазылған мәліметтерді көру мүмкіндігіне ие. Осының арқасында қалада қылмыстық құқық бұзушылықтар елу пайызға азайған. Екі жыл ішінде Қазақстан бойынша 35 мың камера орнатылды. Бүгінгі таңда Арыс, Курчатов сияқты моноқалаларды дамытуға арналған бірнеше меморандумға қол қойылып жатыр.
Инновация игілігі - «Ақылды үй»
«Ақылды қаланы» «ақылды үйлер» құрайтыны белгілі. Қазір Астанада smart үйлер көптеп бой көтеріп жатқаны белгілі. Жаңа тұрғын үй кешенінде ақылды үйлерге қатысты барлық талаптар ескеріледі. Инновациялық жаңару үрдісіне "Қазақтелеком" АҚ да өз үлесін қосып келеді. Компанияның осы санаттағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнімі – "Ақылды үй" қызметі. Оның артықшылықтары аз емес. Кәсіпорынның инновациялық - технологиялық дамыту департаментінің директоры Олжас Аязбековтың айтуынша жаңа сервис нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс оқиғалар туралы жедел ақпарат алуға оңтайлы. «Ақылды үйдің" жүйесі сымсыз бейнекамера, қозғалыс, есіктің ашылу датчиктерінен тұрады. Детекторлар қозғалысқа, есік немесе терезенің ашылғанына, өрт шығу қаупі кезінде лезде әрекет етеді. Ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, фотоесеп жібереді. Үй иесі туындаған қиындықтан смартфонға орнатылған мобильді қосымша арқылы хабардар болады».
Үй иелеріне жабдықты сатып алудың қажеті жоқ, өтінім бойынша "Қазақтелеком" АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды. «Ақылды үй» пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар бейтаныс адамдардың үйге кіруі немесе үй иесі жоқ кезде болатын апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді. Пәтерде нақты не болып жатқанын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екендігін мобильді қосымша арқылы кіріп, көре алады. Әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де пультпен басқарылатын мұндай үйлер құр қиялдың жемісі емес. Жаһандану заманының мүмкіншіліктері мен жүктеген нақты талабы деуге болатындай. Теңдесі жоқ технологиялар қолданылатын smart үйлердің көбеюі ел аумағында тұрмыс сапасының артуына оң әсер еткені рас.
Қорыта айтқанда елімізді толықтай цифрлы Қазақстанға айналдыру үшін «ақылды қала» көптеп салынуы қажет. Себебі «ақылды қоғамды» «ақылды қалалар» құрайды. Бұл бағытта ауқымды істер аз атқарылып жатқан жоқ. Инновациялық ілгерілеу жолы осыдан басталады емес пе?!
Олжас ҚАСЫМ