Алабайлардың айқасы

875
көрілім

Аягөз қаласында ит іріктеу сайысы өткізілуде

Темір тұлпарға мініп Аягөз ауданына іссапарға жол тартқан болатынбыз. Ойда жоқта аудан орталығының іргесінде темір қоршаудың ішінде текетіреске түскен иттерді көзіміз шалды. Сөйтсек, ит іріктеу сайысының дәл үстінен түсіппіз. Арпалысып жатқан алабайлардың қасында итін айтақтап жүрген иелері, бекітілген ережелердің сақталуын қатаң бақылауда ұстаған төрешілер, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге сақадай сай дайын тұрған ветеринарларды байқадық. Сайыстың ұйымдастырылу деңгейі, жиылған жұрттың ұйымшылдығы бізді таңқалдырды.

Бес кезеңнен тұрады

Бірнеше сағатқа созылған ит іріктеу сайысы аяқталған соң шараның ұйымдастырушысы, аудандық ат спорты федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Слямғазинді әңгімеге тарттық. Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының тумасы бұл сайыстың бүге-шүгесі, қыр-сыры жайлы тереңінен баядап берді:

– Бала күнімнен итке әуес болдым. Жеті қазынаның бірі болған итті қай жерге көшіп барсам да асырап келемін. Қазір үйімде бір емес, бірнеше қазақы төбеттер бар. Олардың әкесі екі рет Қазақстан чемпионы болса, арғы атасы да елімізде үздік атанған. Тек біздің облыстан емес, басқа өңірлерден келген адамдар маған хабарласып, күшік алып жатады. Көбінесе шаруа қожалықтарының иелері мал күзету үшін өздеріне жақсы иттің тұқымын таңдағысы келетіндігі рас. Иттерді айқасқа шығаратын себебіміз де осы. Сырттай қарағанда бәрі бірдей көрінгенімен, текетірес барысында қайсысы мықты, табанды, шыдамды екендігі анықталады. Сондықтан біз оны іріктеу сайысы деп атаймыз, – дейді Қайрат Мұратұлы.

Біз куә болған төбеттер тартысының 3-ші туры екен. Ал жалпы сайыс 5 кезеңнен тұрады. Әр турдың арасында 1 айдан астам үзіліс болады. Себебі жекпе-жекте қарсыласын ұтқан иттің жарақаттарын жазып, қайта қалпына келуіне уақыт керек.

– Барлығы заң талаптарына сай өткізіледі. Әдетте иттерді өлімші етіп таластырмаймыз. Қажет болған жағдайда ветеринар дәрігерлеріміз көмек көрсетуге әркез дайын. Іріктеу сайысының нақты ережелері бар. Атап айтқанда, ит тісін көрсетсе жасқанып тұр деген сөз. Сондай-ақ арсылдап тұрып алса, құйрығын ішіне кіргізсе немесе ит теріс қарап 5 метр жүргенде екінші ит оның соңынан қуса жеңілгенінің белгісі. Иттің иесіне қатысты ережелер де жоқ емес. Егер сайыс барысында ол балағаттап қалса, бірінші ретке ескерту жасалады. Ал екінші рет қайталаса, онда иті жарыстан шеттетіледі, – дейді Қайрат Слямғазин.

Аягөз қаласындағы ит іріктеу додасына ауданның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан бөлек, Үржардан, Ақтоғайдан қатысушылар келіпті. Бірінші турда жалпы саны 44 ит бәсекеге түскен. Енді төртінші кезеңге 10 алабай қатыспақ.

– Осындай сайысты жылына 1 рет өткіземіз, – дейді Қайрат Слямғазин, – Жыл сайын шыбын-шіркей кетіп, күн райы салқындағанда бастаймыз. Аудандық турнирдің жеңімпазы Семей қаласында өтетін облыстық бәсекеге аттанбақ. Ал облыста жеңген ит республикалық сайысқа жол тартады. Іріктеу додасына алабайлар, оның ішінде: төбеттер, азиаттар, кавказдар, түрікмен тұқымды иттер қатысады. Қазақтың төбеттері де қалыс қалмайды. Естуімше, елімізде 1200 таза қанды қазақтың тазысы қалыпты. Ал ұлтымыздың қой төбеттерінің саны осының жартысына да жетпейтін көрінеді. Қой төбет дейтін себебіміз – олар кішкентай бала мойнына асылып ойнаса да қыңқ етпейтін жуас келеді.

Оның айтуынша, ит ұстауды кәсіп қылғандар да бар. Олар тұқымы мықты иттің күшіктерін сатып ақша табады. Ал кейбіреулер керісінше, шығыны көп болса да ит асырауға әуес.

– Итке қызығушылығы жоғары адамдар оның пайдасын ойламайды. Итінің тамағы, дәрі-дәрмегі арзанға шықпайтыны рас. Бұл жылқы ұстаған сияқты. Төрт түліктің төресі болған жылқының шығыны шаш-етектен. Оған шабандоз, бапкер жалдап, жем-шөбіне, суына, дәрісіне көп ақша жұмсау керек. Оның бәйге алуы да екіталай. Ал әуесқой адам ештеңеге қарамайды, – дейді әңгімелесушіміз.

«Иесі итінен қорықпауы керек»

Іріктеу сайысында иттер бірнеше салмақ бойынша сынға түседі. Атап айқанда, 52 келіге дейін, 58-ге дейін, 64-ке дейін және 64 келіден жоғары болып бөлінеді. Сондай-ақ жас санаты ескеріледі.

– Екіге толмаған жас иттерді 5 минуттан артық төбелестірмейміз, – дейді Қайрат Мұратұлы, – Ал екі жастан асқандар 10-15 минут айқасқа түседі. Егер осы уақыт ішінде жеңімпаз анықталмаса, жекпе-жек екінші және үшінші раундқа дейін созылуы мүмкін. Өткен жылғы іріктеу додасында бір оқиға болды. Естай есімді жігіттің иті 5 турда қарсыластарын ұтып, жеңімпаз атанған болатын. Иесі қуаныштан итін көтеріп тұрған кезде финалда жеңіліп қалған ит ызаланып, оған атыла жөнелді. Алайда ол итті емес, абайсызда Естайдың қолын тістеп алады. Сол кезде ашуланған Естай итті теуіп жібереді. Осындайда адам сабырлық танытып, кешіріммен қарау керек. Итті ешқашан тебуге, ұруға болмайды. Себебі Алла тағала хайуанды адамға тәуелді қылып жаратқан. Оны асырап-күту, тамақтандыру біздің мойнымызда. Сондықтан жүлдені Естайдан алып, оның қарсыласына бердім.

Бүгінгі таңда Аягөз қаласында 100 шақты азамат ит баптаумен әуестенеді. Уақыт өткен сайын итке қызығушылық танытқандардың саны көбейіп келеді екен. Олардың арасында зейнет жасындағылар да, жас жігіттер де бар.

– Итті жер үйінің ауласына кәртейіп өлгенше байлап қоятындар болады. Ол дұрыс емес. Итті екі уақыт серуендету керек. Мың жерден қаны мықты болса да қозғалмаған жануардың сүйегі әлсірейді. Итті тамақтандыру да бөлек әңгіме. Екі күшіктің тамағын бір ыдысқа құйып беруге болмайды. Ұялас болса да қай уақытта да екеуінің бірі әлді болары анық. Мықтысы тез-тез бітіріп, екіншісінің үлесін жесем десе, әлсізі өз тамағын жылдам тауысуды ойлап тұрады. Қомағай ит осыдан шығады. Бала кезімізде отбасымызбен кешкі асқа отырғанда әкеміздің бірінші сұрағы «Атқа су, шөп бердіңдер ме? Итті тамақтандырдыңдар ма?» болатын. Егер осы шаруаларды бітірмесек, өзіміздің аузымыз асқа тимейтін. Қазір өз балаларымды да осылай тәрбиелеймін. Итті үйіңді күзетуге қойған екенсің, оған немқұрайлық танытпа! Себебі адал жануар әркез иесінің қауіпсіздігін ойлайды, – дейді Қайрат Слямғазин.

Оның айтуынша, иесі ешқашанда итінен жүрексінбеуі керек. Себебі бір рет адамның жасқанғандығын байқаған ит, оған бағынбай кетеді. Керісінше, ит иесінен сескенуі қажет.

– Ит іріктеу сайысына мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Қазақы қой төбеттерінің санын одан сайын арттыру керек. Біздің төбеттер жүгіргенде қоян мен түлкі алады, таласса қасқырға тайсалмай түседі. Олар шегіну, қорқу дегенді мүлде білмейді. Тағы бір айта кететіні, итпен төбелескенде тек қазақтың төбеттері ғана қарсыласы тісін көрсетіп, құйрығын ішіне тықса шабуылын доғара қояды. Сондай-ақ ол әлсіз итке, күшікке мүлде тиіспейді. Ал кавказдық иттер бұған қарамайды, қарсыласы жеңіліп жатса да талай береді. Елімізде футбол, шахмат сияқты спорт түрлеріне қыруар қаржы бөлінетіндігі белгілі. Соның жоқ дегенде үштен бір бөлігі бізге берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ ит спортының аудандық федерациясы ашылса деген тілегіміз де жоқ емес, – дейді Қайрат Мұратұлы.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттерді түсірген автор