Өңірдегі демалыс базалары туристерді қабылдауға дайындалуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Инара Бодукова карантинге байланысты туристерді қабылдау бірнеше кезеңге бөлінгенін айтты. Курорттық санаторийлар және емдеу-сауықтыру базалары өз жұмысын 3 маусымнан бастаса, туризмнің басқа түрлері 6 маусымда ашылмақ.
– Үржар ауданындағы Алакөл 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдайды. Осы ретте республиканың, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрығымен белгілі бір нормалар мен талаптар бекітілген. Бұл талаптар базалардың және туристік агенттіктердің барлық иелеріне түсіндірілді, - дейді Инара Бодукова.
Айта кету керек, арнайы құрылған жұмыс тобы демалыс орындарын аралап, ондағы дайындықты тексерді. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, облыс туристік маусымға сақадай сай дайын.