Бүгін таңертең Семейден Алакөлге 12 адамды апара жатқан автобустан өрт шыққан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жолаушылар мінген «Lifan» маркалы автобус «Таскескен-Бақты» тасжолында отқа оранған. Қызыл жалын көліктің қозғалтқыш бөлігінен тұтанып, кейін дөңгелектері мен автобус ішіне жайылған.
- Автобус ішінде 12 жолаушы болған. Ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Олар жолай өзге көліктерге отырып, діттеген жерлеріне жетті. Өрт болған жерде Үржар ауданындағы №17 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп, таңғы сағат 6.30-да тілсіз жауды ауыздықтады. Өртке көлік иесінің абайсыздығы себеп болуы мүмкін, - делінген департамент таратқан ақпаратта.