Алакөлге жарты миллиард теңге қаржы құйылады

795
көрілім

ШҚО әкімдігі Алакөлді бірегей демалыс орнына айналдыруды қолға алып отыр. Облыстық Ақпараттық орталықтың хабарлауынша, Алакөл демалыс аймағын абаттандыруға 500 миллион теңге бөлінбек.

Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы құрылған жұмыс тобы санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылу фактілерін анықтаған болатын. Мұнымен қоса 80 нысан бойынша сәулет, қала құрылысы талаптарының орындалмағаны белгілі болған. Тексерістің қорытындылары бойынша аудандық әкімдік әрбір кәсіпкермен анықталған кемшіліктерді келесі демалыс маусымы басталғанға дейін жою туралы меморандум бекітті. Кәсіпкерлер иеліктеріндегі нысандарды абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауға міндеттелді. Бастысы Алакөлдегі туризмді дамыту мәселесін кешенді шешу мақсатында тиісті инфрақұрылымды құра отырып, демалыс аймағын абаттандырудың жобасы дайындалды. Даниал Ахметовтің төрағалығымен Үржар ауданында өткен арнайы кеңесте бұл жоба бекітілген. Оған сәйкес келесі жылы Алакөлге апаратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағалау мен жағажайлар абаттандырылмақ. Көлдің жағалауында саябақ ашылып, спорттық және аттракциондары бар балалардың ойын алаңдары салынады. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин көзделген жұмыстар 2017 жылдың 1 шілдесінде аяқталатынына сендірді.

– Мен осы ауданда жұмыс істейтін азаматтардың өз міндеттерін орындап, Алакөл бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, демалуға келген адамдарға қолайлы жағдай жасайды деп сенемін. Алакөлді Шығыс Қазақстанның мақтануға тұрарлықтай көрікті аймағы етуге алғаш рет бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде, – дейді Даниал Ахметов.

Аңсар НҰРИМАН