Келесі жылы Жалаңашкөл станциясына дейін жүретін пойыздар жиілігі көбейіп, вагондар саны артпақ. Бұл мәселеге байланысты ШҚО әкімі жолаушылар ағымын санап, демалушылар демалыс орнына ыңғайлы жете алатындай жағдай жасау қажеттілігін тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, Жалаңашкөл станциясына дейін бес пойыз вагоны жүреді. Келер жылы оның саны жеті-сегізге дейін артпақ.
Танымал демалыс орнына жетудің тағы бір жолы Өскемен-Семей-Үржар әуе бағыты. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта жергілікті әуежайларды, соның ішінде Үржардағы әуежайды қайта құру жоспарда тұр. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазір мердігер ұйымды анықтау бойынша байқау жүргізілуде. Әуежай 2020-2021 жылдары қайта құрылуы тиіс.
Мәслихат депутаттары бір көлік түрінен екінші көлікке отыра алатындай бірыңғай билет жасау туралы ұсыныс білдірді. Депутаттардың сөзінше, мұндай билет түрлері Қырымдағы сауықтыру орындарында қолданылады.