Мамыр, маусым айларында Зайсан көліндегі бірқатар балық шаруашылығы мекемелерінің жұмыстары тексерілмек. Бұл жөнінде ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бірлесе өткізген балық шаруашылықтарын субсидиялау жөніндегі кеңесі барысында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдағы екі ай көлемінде жүргізілетін тексерулер еліміздің «Кәсіпкерлік туралы» Кодексі талаптарының орындалу барысы бойынша жүргізіледі. Зайсан көлінде балық шаруашлығымен айналысатын «Төре тоғам», «Дигам», «Рыбаки Зайсана» ӨК, «Ұлтарақ» сынды ұйымдар инспекция назарына ілінеді.
– Ішінара тексерулер Зайсан көлінде балық шаруашылығымен айналысатын бірқатар мекемелерге қатысты болады. Ескерту балық шаруашылығы мекемелеріне жіберіліп қойды. Ескерту қолға тигеннен кейін бір айдан соң шығамыз. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес біз бұл мекемелердің негізгі шаруашылық түрлерін тексереміз. Атап айтсақ, мекемелердің санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жүргізуі, егерлік қызметі (яғни егерлердің арнайы киімі, қызметтік куәлігі, қаруы болуы керек), сондай-ақ арнайы үлгідегі хаттамалардың, жолдамаларды беру журналының, бекітілген стандарттағы ақпараттық аншлагтардың, жалдамалы балықшылармен жасалған келісімшарттардың болуы да қаралады. Жалпы, бұл ақпарат жергілікті суқоймалардағы балық шаруашылықтарына да қажет деп ойлаймын. Өйткені келесі жылдың бірінші жартыжылдығында біз оларды да тексеретін боламыз, – дейді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Рахымжанов.
Азамат Темірбеков