Алдағы үш жыл көлемінде өңірімізде үш әуежай толық жөнделіп, біреуі жаңадан салынбақ

602
көрілім

Соңғы жылдары өңіріміздің әуе кеңстігі жіті назарға алынуда, алдағы уақытта да бұл жұыстар жалғасын таппақ. Атап айтсақ, былтыр Семей қаласындағы әуежай қайта жөндеуден өтіп, ұшып-қону жолағы халықаралық стандарттарға сай ұзартылса, алдағы үш жыл көлемінде мұндай жұмыстар облыс орталығының әуежайында да жалғасын таппақ. Бұдан бөлек, Үржар, Зайсан аудандарындағы әуежайлар қайта жаңғыртылып, Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында жаңа әуежай салынады. Әуе тасымалы саласының осы және басқа да мәселелеріне газет тілшісі үңіліп көрді.

 

Жаңартылса да сай болмайды

Өскемен қаласындағы әуежай алдағы үш жыл көлемінде қайта жөндеуден өтеді. Алайда, ондағы жөндеулердің бірқатар жағы осыған дейін қайта жөндеуден өткен Семей әуежайына жете алмайтыны белгілі болды. Өйткені облыс орталығы әуежайының ауыр жүк және әскери ұшақтарды қабылдау мүмкіндігі жоқ. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов мәлімдеді.

Биылғы жылы Өскемен қаласындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың желтоқсан айында мұнда жаңадан заманауи терминал салынған болатын. Бірақ басты мәселе әуежайдың ұшып-қону жолағының қысқалығында тұр. Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш әуежайды қайта жөндеу 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілетін көрінеді. Ал жобаның жалпы құны 10 миллиард 626 миллион теңгені құрайды. Оның жеті миллиардтан астамы әуежайдың құрылысына жұмсалса, 1,6 миллиард теңгесіне түрлі құрылғылар сатып алу көзделген.

- Қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде әуежайдың ұшып-қону жолағы ұзартылып, жарық-сигналды құрылғылары толық жаңартылады, ұшақ тұрақтары мен перрон жөндеуден өтеді, - дейді Нұржан Жұмәділов. - Сондай-ақ жүк терминалы салынып, апаттық-құтқару станциясы қайта жөнделеді.

Басқарма басшысы облыс орталығындағы әуежай толықтай жөндеуден өткен соң ұшып-қону жолағының тағы да 350 метрге ұзарып, екі километр 800 метрге жететінін айтады. Мұндай өзгеріс әуежай маңында орналасқан тұрғын үйлерге кедергісін келтірмейтіндей қазіргі уақытта облыстық Әуе бөлімшесі мен тікұшақ алаңшасы орналасқан жағына қарай жасау жоспарланып отырған көрінеді. Десек те, ұшып-қону жолағын қанша ұзартқанмен де ол қазіргі барлық авиациялық талаптарға сай келе алмайды. Мұндағы басты себеп — жердің жетіспеушілігі. Ал әуежайды қаланың басқа аумағынан салуға әзірге мүмкіндік жоқ.

- Семей қаласындағы әуежай өткен жылы қайта жөндеуден өтіп, ұшып-қону жолағы халықаралық стандарттарға сай үш километр 100 метрге жеткізілген болатын. Ал Өскемен қаласындағы әуе айлағын мұндай стандарттарға сәйкестендіру мүмкін емес. Жер тым тар. Осы себепті бұл әуежай ұшақтардың барлық түрін қабылдай алмайды. Дегенмен бұл жолаушылар барлық бағытқа бара алмайды деген сөз емес. Түркияның Анталиясына, Ресейдің Мәскеуіне еш кедергісіз ұша бересіз. Ұшақтың "Airbus" және басқа түрлері қона береді. Тек аур жүк және әскери ұшақтар ғана қона алмайтын болады, - деп қосты басқарма басшысы.

 

Қайта жөндеу жоспарланған

- Қазіргі уақытта Өскемен қаласынан Семей арқылы Үржар ауылына субсидияланған үшақ жолаушыларды тасымалдайды, - дейді Нұржан Сайлаубекұлы. - Билет бағасы бір бағытқа 10 мың теңгені құрайды. Сондай ақ облыс орталығынан Зайсан қаласына да ұшақ қатынасы жолға қойылған. Мұнда Зайсанға тартқан жолаушы билетті бір бағытқа 8 мың теңгеге сатып алады. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде Үржар ауылынан Астана және Алматы қалаларына ұшақ ұшатын болады.

Үржар ауылындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын алға тартқан жауапты тұлға, қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаражаттың бөлінгенін хабарлады.

- Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болған соң әуежайда қайта жөндеу жұмыстарын бастайтын боламыз. Сонымен бірге, Зайсан қаласындағы әуежайды да қайта жөндеуді жоспарлап отырмыз, - дейді Нұржан Жұмәділов.

 

Жаңадан салынады

Келесі жылы Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында жаңа әуежай құрылысы басталуы мүмкін.

- Үлкен Нарын ауылындағы әуежай кезінде жеке қолға өтіп кеткен болатын. Жергілікті кәсіпкер ескі әуежайды сатып алып, ол жерге малқора жасаған. Қазір ол кісінің қайтара сатып алуда сұрап отырған бағасы өте жоғары. Осы себепті аудан әкімі бұрынғы әуежайдың жанынан басқа жер учаскесін бөліп отыр. Бұл жердің бір ерекшелігі, ауа райы қандай болмасын ұшақтың қонуына үнемі ыңғайлы, - деді Нұржан Сайлаубекұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, жаңа әуежайдың диспетчерлік ғимаратын салуды аудан әкімдігі өз мойнына алмақ. Қажетті инфрақұрылымдары тартылып, ұшып-қону жолағы салынған соң мұнда жеңіл моторлы ұшақтардың қонатынын алға тартқан ол, қазіргі уақытта әуежай жобасын «Казаэропроект» институтының жобалап жатқанын мәлімдеді.

- Аталмыш институт құрылысқа қажетті соманы есептеп берген соң біз бюджеттік өтінім береміз. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап бітірсек 2021 жылы әуежай құрылысын аяқтап, қолданысқа беруіміз де әбден мүмкін, - деп қосты басқарма басшысы.

Нұржан Жұмәділов аталмыш әуежайдың салынуы Шығыстың Швейцариясы саналатын Катонқарағай ауданындағы туризмнің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Жалпы, Үлкен Нарын ауылында барлық заманауи талаптарға сай әуежай құрылысын қолға алу осыдан алты жыл бұрын межеленген еді. Ол кезде өңірімізден 21 жоба Индустриаландыру картасына енгізілген болатын.

 

***

 

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, жыл сайын облысішілік әуе бағыттары арқылы он мыңнан астам жолаушы тасымалданатын көрінеді. Бұл дегеніміз өңір тұрғындарының әуе тасымалына деген сенімінің, уақыт үнемдеуге деген талпынысының артқаны болар? Облыс билігі бұл мәселені назардан тыс қалдырмауға тырысуда. Мұны соңғы жылдары артқан субсидиялау және жобалау жұмыстарынан-ақ байқауымызға болады. Тек ендігі мәселе басы таудай басталған істің соңы қылдай болып қалмай қолға алынған барлық жобалардың сәтті іске асуы. Аталған жобалардың біріне қаржы бөлінсе, енді бірі әлі де жоспарда. Дегенмен, алдағы үш жыл өңірдің әуе кеңістігі үшін елеулі өзгерістерге толы болмақ. Қалай десек те, барлығы уақыт еншісінде. Ендеше әліптің артын күтейік, ағайын!

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосурет: aeroport.kz