Мен — алимент төлеушімін. 2005 жылдан бері уақытында төлеп отырамын. Әскери қызмет атқардым, бірақ денсаулығыма байланысты зейнетке шығуға тура келді. Енді жеке кооператив ашайын деп, құжаттарымды өткізгенмін. Бірақ Кәсіпкерлер Палатасы «Борышкерлер тізілімінде тұрсың« деген себеппен қабылдамай отыр. Ал сот орындаушысы, балам 18-ге толғанша, тізілімнен алынбайтынымды айтты. Осы мәселені қалай шешуге болады? Тағы бір сұрағым, сот орындаушыларына құжаттарды қарап отырғаны үшін тоқсан сайын 1 АЕК мөлшерінде төлем жасау керек дейді. Бұл заңды ма?
Асылбек Назымбеков, Күршім
Сіздің сауалыңызға Облыс прокурорының орынбасары А.Тленчиев жауап берді:
— Уәкілетті орган атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізеді. Берешек үш айдан артық болған жағдайда борышкер бірыңғай тізілімге енгізіледі және аталған берешек төленгенде ғана тізілімнен алынады. А. Назымбековтың алимент бойынша үш айдан артық берешегі болса, оны өтеп, содан кейін сот орындаушысына борышкерлер тізілімінен алып тастау туралы өтінішпен жүгіне алады. Егер берешегі болмай тұра, сот орындаушысы оны тізілімнен алудан бас тартса, онда сот орындаушысының әрекетін жоғарғы тұрған құзырлы органға немесе сотта даулауға құқылы.
ШҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары Ғ.Табанов:
— Күршім аумақтық бөлім филиалының басшысы — аға сот орындаушысы Г.Сабигазинаның борышкер А.Назымбековты ҚР Әділет министрлігінің борышкерлердің бірыңғай тізілмінен алып тастау туралы 26.10.2017 жылғы актісі және Заңның 36 бабының 3 тармағы негізінде, 30.10.2017 жылы А.Н.Назымбековқа қатысты ақпарат ҚР ӘМ-нің борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алынған.
«Жеке от орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 04.05.2014 жылғы №437 қаулысына сәйкес, алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық өнідірістері бойынша, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын жеке сот орындаушысының пайдасына өндіріледі.