ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев еңбегі ерен Өскемен тұрғындарын марапаттады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты шараға ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, қала әкімі Жақсылық Омар қатысты. Өскеменнің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев, «№1 жол-құрылыс басқармасы» ЖШС директоры Илья Ельфимов, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай, Өскемен және Семей қалаларының епископы Амфилохий, №46 орта мектебінің директоры Гульфарида Ауғанбаева, ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Денис Уланов бар.
Сондай-ақ Алмасхан Сматлаев өскемендіктерге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады. Жақсылық Омар өз сөзінде барша тұрғындарды келе жатқан мерекемен құттықтап, егемендіктің отыз жылында шаһардың түбегейлі өзгергенін атап өтті. Халық саны 400 мың адамға дейін өсіп, жаңа көрікті шағын аудандар пайда болды.
Қаланың дамуына қосқан ерекше үлесі үшін үш адамға «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Олар – Амбулаториялық орталық директорының даму жөніндегі орынбасары Владимир Кравцов, «Үміт» балалар үйінің директоры Мария Бейсеканова және хоккейден Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының капитаны Роман Старченко.