Үржарлық палуан жаһандық жарыстың жүлдесін осымен бесінші мәрте иеленді. Бұған дейін бір күміс және үш қола медаль олжалаған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олимпиада ойындарынан соң кейбір елдің кіл мықтылары келмеді. Алайда жерлесіміз белдескен 67 келіге дейінгі салмақта Токиода топ жарған Мохаммедреза Гераи кезекті рет тұғырдан көріну үшін Осло бозкілеміне беттеді. Еуропа чемпионы, сайыс қожайыны Мартин Торесен де тыңғылықты әзірлікпен келген-тұғын. Тартылған жеребе аталған палуанмен Алмат Қабдрашұлын ширек финалда жолықтырды. Шығысқазақстандық палуан оған дейін белорусь спортшысы Максим Неходаны айқын ұтты. Белдесу сайын қарқын ала түскен Торесен үржарлық палуанмен жолығып, алғашында 5:0 есебімен алда тұрды. Дегенмен екеуара күрес біткенге дейін Кебіспаев белдесуді өз қолына алып, соңында таза жеңіске жетті. Жартылай финалда ресейлік Назир Абдуллаевқа 5:10 есебімен жол берсе де бозкілемдегі соңғы сөзін әлі айтпағандай көрінді. Бәлкім, қола үшін өтетін белдесуде кеткен есесін қайтаруды жоспарлаған болар. Ширек финалда сол Абдуллаевтан ұтылған түрік спортшысы Мурат Фират жұбаныш белдесуінде бабы мен бағы шауып, кіші финалда күресуге мүмкіндік алды. Қуанышқа орай, қаншама жылдық тәжірибесін осы додада паш ете білген Алмат Қабдрашұлы 7:4 есебімен қарсыласынан басым түсіп, қола медальді мойынға тақты.
Айта кетейік, грек-рим күресі шеберлерінен тек үржарлық палуанға ғана жүлде бұйырды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ