Алпысты алқымдаған семейлік гашиш сатқан

1781
көрілім

Қаңтар айының 24-і күні Семей қалалық полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліміндегілер криминалдық полиция қызметкерлерімен бірге қалада есірткі заттарын сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында кезекті құқық бұзушылық тіркелді. 61 жастағы Семей тұрғыны жалпы салмағы 4,73 грамм «гашиш» есірткісін 36 жастағы ер адамға 8000 теңгеге сату барысында ұсталды. Белгілі болғандай, ұсталған адам бұрын сотталған.

– Күдіктінің пәтерін тінту кезінде балконнан бір полимер түйіншек және өзіне тән иісі бар жасыл түсті ұнтақ тәрізді заты бар бес қағаз түйіншек табылып, тәркіленді. Сондай-ақ асүйдегі терезенің алдында ерекше иісі бар жасыл түсті қатты зат, бір қағаз түйіншек, тоңазытқыштан жасыл түсті ұнтақ тәрізді заты бар бір полимерлі түйіншек табылған. Бұдан бөлек, балкон терезесінің алдында пластикалық пакеттерге салынған жасыл түсті ұнтақты зат бар пластикалық контейнер тәркіленді, – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Сараптама қорытындысына сәйкес табылған заттар жалпы салмағы 169,29 грамм «гашиш» есірткісі болып шықты.

Қазір Семей тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның санкциясында 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.