«Алтай» алты дүркін Қазақстан Кубогінің иегері атанды

1535
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Өскемендік бұрымдылар өз тарихында алтыншы мәрте ел Кубогінің иегері атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл «Алтайда»ауыс-түйіс аз емес. Мадина Бекеттің жанына тағы бір либеро келгенінен бөлек, жаңа ойын үйлестірушісі ұжымды толықтырып, соққысы жойқын Светлана Парукова шабуыл шебін күшейтті. Ең басты жаңалықтардың бірі - бас бапкер қызметіне Юрий Панченконың қайта тағайындалуы. Ресейлік маман өскемендік ұжымның ойын мәнерін жақсы біледі. Сол себепті болар, Қазақстан Кубогінде ойыншыларды барынша жігерлендіріп, биыл Семейде өткен клубтық Азия чемпионатының финалында күтпеген жерден есе жіберген петропавлдық «Қуаныштан» қарымтасын қайтарды.
Сонымен, Петропавл қаласы, кезекті Қазақстан Кубогі. Юрий Панченко шәкірттері финалға дейін барлық кездесуін 3:0 қылып аяқтады. Алғашқы ойында жергілікті «Куаныш-СК» командасын үш сетте 25:9, 25:10, 25:11 есебімен ұтты. Келесі болып «Алматы» ұжымын (25:17, 25:15, 25:17), сосын «Қарағанды» ойыншыларын (25:22, 25:21, 25:21) қапы қалдырып, өз тобында көш бастады. Жартылай финалда сыралғы қарсыласы «Жетісумен» жолығып, үш партияда да (25:15, 25:13, 25:13) мүмкіндік бермей, финалға өтті.
Шешуші сында «Қуаныш-СК» ойыншылары тек үшінші сетті өз пайдаларына шешкен еді. Оған дейін 25:15, 25:15 есебімен «Алтай» командасы басым тұрған. Төртінші сет басталғанда өскемендік ұжым шабуыл мен тосқауылда сауатты ойнап, 25:18 есебімен кездесу нүктесін қойды!
Осылайша, жеңісті жолы 2017 жылдан бері жалғасып келе жатқан жерлестеріміз алтыншы мәрте ел кубогін иеленді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ