"Алтай" арулары клубтық Азия чемпионатының финалына өтті

372
көрілім
Фотосурет сайт мұрағатынан

Таиландта өтіп жатқан волейболдан клубтар арасындағы Азия чемпионатында іріктеу ойындары мәресіне жетіп, алғашқы жартылай финалдың жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Азияныңтөрт мемлекетінен келген арулар ала доп аламанында жан алысып, жан беріскен ойындар көрсетуде. Ел  чемпиондары, Марко Гршич баптайтын «Алтай» волейболшылары да  артынып-тартынып ат шалдырды Тайландта. Десе де  алдымен қазақстандық тағы бір команда «Жетісуға» тоқталайық. Елена Павлова шәкірттері осымен екінші матчта қарсыластарына есе жіберді. Алдымен «Накхонратчасима Qmin C» клубына, кейін ирандық «Сайпа» клубынан жеңілген. Алтайдың сыралғы қарсыластары енді клубтар арасындағы чемпионаттың 5-7 орындарына таласады.
«Жетісуды» жолынан ығыстырған «Сайпа» командасы жартылай финалда «Алтаймен» кездесті. Шығысқазақстандық волейболшылар алдымен жарыс қожайындары «Supreme Chonburi» ұжымынан үш сэтте (25:23, 25:12, 25:14) басым түсті. Сондай-ақ топтық кезеңде «Сайпаны» да айқын ұтып, (25:11, 25:20, 25:15) ойдағыдай әзірлікпен келгендерін байқатқан-тұғын. Бүгін Марко Гршич шәкірттері Иранның үздік командаларының бірі «Сайпамен» қайта шеберлік байқасып, тартысты өткен төрт сетте 3:1 есебімен басым түсті.
Жалпы, құрлықтық турнирге жеті кәсіби клуб қатысып жатыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ