Аталған ауданға қарасты Серебрянск қаласының жұрты «маңайда маймақ жүр» деп үрейленіп, әкім-қаралардан көмек сұрап келеді. Осындай жағдай былтыр да болды. «Аю ақырғанда дәл жанымызда тұрған сияқты» деген жұрт тағыны өз беттерінше аулап та көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірақ мұның қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екені белгілі. Серебрянск тұрғындары жуықта зиратқа барған. Аюдың қонжығын сол жерде көріпті. Маңайдан ақырған дауыс та естілді. Мұны аюдың өзі болар деп топшылады. Осыған байланысты Серебрянск қаласының әкімі орман және аңшылық шаруашылық жедел әрекет ету жасағына жүгінген.
– Жасақ қызметкерлері аюдың зират маңына келуі мүмкін жерлерді қарап, іргедегі омарта жақты шолып шықты. Аю да, аюдың ізі де көзге түспеді. Малға шабу фактілері тіркелмеді, – деді әкімдіктегілер.
Жауапты тұлғалар алда-жалда маймақпен жолығып қалған жағдайда не істеуге болатыны жөнінде аз-маз кеңес берді.
– Егер алдыңыздан аю шықса, шалт қимыл жасамаңыз. Сенімді сөйлеңіз, сізден қауіп жоқ екенін сезсе, ол да ашуланбайды. Қарсы алдында кім тұрғанын анықтау үшін аю тік отыруы мүмкін. Бірақ ол кезде қауіпті емес, тек маңайды барлаған кейіп танытады. Қатты айқайламаңыз, қолға түскен заттарды лақтырудың қажеті жоқ. Осы арқылы оны ашуландырып алуыңыз мүмкін, – делінген ақпаратта.