Алтай ауданына қарасты Соловьево ауылдық округінің мерейтойы қалай атап өтілді?

159
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Алтай қаласынан 16 шақырым жерде екі ғасырлық тарихы бар ауыл орын тепкен. Биыл округ орталығы Соловьево ауылына 210 жыл толды. Елдімекеннің тарихы қызықты әрі сан қырлы. Тұрғындар ауылдағы қамсыз өмірдің отын жағып, күнделікті күйбең тірліктерімен күн кешіп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бар тірліктің бастауы

Көркі көз тартар жер Березовка өзенін бойлай орналасқан. Осы ауылдың негізін қалаушылар сонау 1812 жылы келген екен мұнда. Жаңа қоныстанушылар саны көп болмады, Гаврил Васильевич Соловьев бастаған бірнеше жанұя. Сол кездегі саясат салдарынан жат өлкеге көшкен. Айнала қоршап тұрған тау осы өңірдің беймаза әрі қамсыз өмірінің бір көрінісі.

Көп жылдар көлемінде Соловьево ауылы Маяк, Ново-Крестьянка, Ленинск, Бедаревка және Подорленок сынды бес елдімекен арасында түрлі салаларда ерекшеленіп келді. Қазір ауылдардағы тұрғындар саны азая бастаған, тіпті кей тұстарда саусақпен санау қиын емес.

Соловьево ауылында қызықты жайттар жиі байқалады. Соларға қарап елімізде және әлемде болып жатқан көптеген маңызды оқиғалармен байланыс табуға болады. Округ азаматтық көтерілістерді, ұжымдастыруды, Ұлы Отан соғысын, мал шаруашылығы мен егіншілік, тұрғын үй және инфрақұрылым салаларындағы қарқынды даму мен құлдырауды бастан өткерді. Бүгінде мұның бәрі тарих, ал қазіргі ауыл тұрғындары ауылдағы өміршеңдігі арта бергенін қалайды және бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын.

Соңғы бес жыл көлемінде аудан басшысы Мұқан Тюлюбаев округ әкімі қызметін атқарып келеді. Жалпы, әр жұмысқа құлшыныспен кірісуге дағдыланған жан. Ұсақ-түйек жұмыстардан бастап, бөгетті нығайту, жолдарды жөндеу сынды түйткілдер түйінін тарқатты.

- Округ бірнеше жылдан бері бюджеттің төртінші деңгейі бойынша тірлігін жалғап келеді, - деп атап өтті Соловьево ауылдық округінің әкімі. - Әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты, шамамен 12,3 миллион теңге көлемінде салық түседі. Қазіргі уақыттың өзінде тоғыз миллион теңгенің салығы түсіп үлгерді. Негізгі аударымдар - бұл жеке тұлғалардың көлік салығы және шаруа қожалықтары төлейтін жер салығы. Жергілікті қоғамдастық жиналысы бағыты округтегі жолдарды қысқы күтіп ұстауға, көшелерді жарықтандыруға, санитарлық тазалық жүргізіп, аумақты абаттандыруға қаражат бөлуге негізделген.

Жолға асфальт төселді

Өкінішке қарай, жергілікті бюджет ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан аудан, облыс және республика қазынасынан қаржы бөлініп, тиісті трансферттер жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Соловьевода «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдарды тегістеп, асфальт төселді.

- Брилин мен Набережный көшелерінде грейдерлеу, құм-гравий төгу, жол төсемдерін жаю жұмыстарын жүргіздік. Орталық Копылов көшесіне асфальт төседік, ұзындығы 1,2 шақырым, - деді Мұқан Тюлюбаев. - Әр көшеде жүргізілген жұмыс нәтижесінде белгілі бір мөлшерде қаржы үнемделді. Бұл ақшаға Копылов көшесінен бастап, тұйық көшеге 300 метр жерге асфальт төселді. Сырт көзге сақинаға ұқсағандай болады. Осы жақтағы бұрыш та тұрғындарға қолайлы, бір-бірлерімен етене араласады. Үйлер маңы таза, аулаларды жинап, тазартып отырады. Өз беттерінше шағын балалар алаңқайын орнатқан.

Үнемдеудің пайдасы

Облыс әкімдігі қолдауының арқасында көптеген округ әкімдіктерінде спорттық алаңқайлар орнатылды. Соловьевоны да сырт айналып өтпеді, әрине. Себебі, ауылда балалар мен жасөсіпірімдер қарасы көп. Осы жоба бойынша қаражат үнемдеудің сәті түсіп, оларды да абаттандыруға жұмсады. Бүлдіршіндер үшін футбол алаңқайы орнатылды.

- Футбол алаңы бұрыннан қолданыста. Жаз айларында көптеген балалар теңбіл доп теуіп, жарыстар өткізіліп жүрді. Қоршауын жөндеп, түзеп, жарық бағандарын реттедік. Жасанды көгал жаңартылды, - деді округ әкімі. - Сол ақшадан 250 мың теңге артылды, оған стелланың сыртын қалыпқа келтірдік.

Бәрін айт та, бірін айт, ауылдың ұлдары мен қыздары тегіс салауатты өмір салтын ұстанады, 385 адам жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысады. 2022 жылы ауылдастар жоғары сынып оқушылары арасында аудандық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Талай адам таза су ішіп отыр

Үнемдеу деген жақсы ғой, бірақ ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған қаржыны орнымен жұмсау, әкімдікке түсетін өтініш-шағымдарды реттеу үшін округ басшылығы қолда бар соммамен ғана шектеледі. Қаржылық қамтамасыз ету тек белгілі бір бағыттар бойынша ғана бөлінеді:

  • әкімшілік шығындар, санитария, абаттандыру көгалдандыру, автомобиль жолдарын күтіп ұстау, сумен жабдықтау және басқалары. Негізгі қажеттілік: барлық шығындар мен түрлі іс-әрекеттер тұрғындармен кеңесіп барып қолға алынады. Бұл ауыл кеңесі арқылы, жиын кезінде талқыға түседі.

- Биыл жергілікті өзін-өзі басқару қаржысы есебінен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер саябағында жарықтандыру жүзеге асты, - деді Мұқан Әділбекұлы. - Соловьево ауылындағы Брилин, Копылов көшелерінде жарық тартылды. Жергілікті бюджет есебінен Подорленок ауылында былтыр істен шыққан тереңдік сорғысын ауыстырдық. Сөйтіп, көптен бері созабалаңға түскен мәселе шешімін тауып, 70 адам таза су ішуге мүмкіндік алды. Маяк ауылында да ауызсу мәселе болатын. Су құбыры желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Су жинағыштан насосқа дейін бір шақырымнан асатын құбырды ауыстырдық. Келесі жылы осындай жөндеу тірек ауылында да жоспарланған. Өз қаражатымыздан Алтай көшесіндегі бір шақырым тұрба ауыстырылмақ. Сонымен қатар биыл ауыл әкімдігіне орталықтандырылған ауызсу тартылды.

Тұрғындарға қауіп төнбейді

Көктем уақытында Соловьевоға тасқын төнеді. Тыныш жатқан Березовка өзені еріген сумен арнасынан асады. Су тасқыны әсіресе, 2018 жылы тұрғындарды ерекше мазалаған. Осы себепті жергілікті атқарушы орган мәселені жан-жақты бағамдап, қателікке бой алдырмауға тырысқан. Өзен арнасын түзулеп, бөгет салды.

- Биыл аудандық бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Березовка өзеніндегі бөгет құрылысын жалғастырдық. Ұзындығы шамамен 1,5 шақырым, көпірден бастап Набережная көшесіне дейін жалғасады. Дәл сол жерде жағалаудан асып кететін, - деді әкім. - Көктемде су тарату каналын әзірледік, нәтижесінде су жан-жаққа жайылып отырады.

Округ әкімі биыл Ново-Крестьянка ауылында ұялы байланыс мәселесі шешімін табатынын айтты. Қазақстандық телекоммуникация компаниясына былтыр өтінім берген.

- Олар маған қараша айының ортасына дейін мұнара жөнделіп, байланыс пайда болатынын айтқан болатын. Бәрі оң шешіледі деген сенімдемін, -деді Мұқан Тюлюбаев.

Оң өсім байқалады

Округте ауылшаруашылық саласына жіті мән берілген. «Агро-Алтай» ЖШС өндірісін кеңейтіп, жаңа элеватор мен таразыны монтаждау жалғасып жатыр. «Опытное хозяйство масличных культур плюс» ЖШС мамандары жарамсыз боп қалған сүт-тауарлы фирманы қалыпқа келтіріп, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңа ангарлар салды.

- Мал шаруашылығында өзіндік мәселелер байқалады. Малшы табу қиын. Бұрын бақташылар қаптап тұратын, бірі болмаса бірі жайып тұрушы еді. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар иелерінің малы табынды көбейтіп тұр, бірақ қарапайым тұрғындардың ірі қарасы аз. Мұның бір себебі, жем-шөптің қымбаттауымен байланысты. Маңай егістік алқабы болғандықтан жайылым жағынан қиындықтар байқалады, - деді Мұқан Тюлюбаев.

Дегенмен егістікке жіті мән берілген. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде Азамат Серікболов есімді агроном жақсы жұмыс істеп жүр. Оқуын бітіріп болып, ауылдық жерлерде жұмыс істеуді жөн көрді. Небәрі 22 жаста болса да басшылық пен жұмыстағы әріптестері арасында беделі бар, еңбекқор жан.

- Мақтанғым келмейді, бірақ маман ретінде біршама қалыптасып қалдым. Биыл рапс бітік шықты, күнбағыс пен бидай жоспарға сай жиналды. Зиянкестерді уақтылы уладық, осы көмектескен болуы керек, - деді Азамат. - Мұқият қарап, ат шаптырым аумақты жаяу аралап шықтым.

Азаматтың айтуынша, Алтайдың тұмса табиғатына қатты қызыққан. Ерекше әдемі. Маяк ауылындағы «Опытное хозяйство масличных культур плюс» ЖШС басшылығы оған тұрғын үй беріп, орналасып, қысқа керек отын жинауға көмектескен.

Мәдениетке мән берілуде

Ауыл тақырыбын қозғағанда, ауыл шаруашылығы мен абаттандыру жайында сөз етіледі. Бірақ бұл жақтың адамдары тек жұмыс істеп қана қоймайды, мәдениет саласын да қатар алып жүреді.

- Бүгінде Соловьеводағы пошта ғимаратындағы бірнеше бөлме мәдени ошақ болып саналады. Он шақты орынға арналған, сахнасыз, үйірме ретінде пайдаланылатын бөлмелері жоқ, - дейді округ әкімі Мұқан Тюлюбаев. - Тұтас Мәдениет үйін салу жоспарда бар, ол үшін әзірленген тиісті жоба қазір қарастырылуда.

Сондай кедергілерге қарамастан, ауылда мәдени шаралар уақтылы өткізіліп тұрады. Биылдың өзінде 297 мәдени-бұқаралық іс-шаралар қолға алынды. Бұл округ бойынша. Ұзын-саны тоғыз мыңнан астам адам қатысыпты.

Елдімекенді казак әндерін орындайтын «Воля» ансамблі көркейтіп тұр. Соловьево жұрты да олардың Ирина Шапорева бастаған өнерпаздар еңбегін жоғары бағалайды. «Алтын Тұрғысын» фестивалі мен «Беловодье» қазақ-орыс фестивалінің лауреаты атанды. Ұжым Алтай ауданы Мәдениет үйінің диломына ие болған. Халықтық шығармашылықты сақтап, оны насихаттағандары үшін еңбектегі әркез ескеріледі.

- Ансамблімізге 11жыл болды, оның қатысушылары әртүрлі жаста: 20 мен 70 жас аралығындағы жандар, - деді Соловьево ауылындағы клуб үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ирина Шапорева. - Репетуары әртүрлі. Біз тек ән айтпаймыз, казактардың мәдениетін көрсетіп, жан-жақты өнер көрсетеміз.

Бұдан бөлек, бұлардың ізін алған жас таланттар өсіп келеді. «Ладушка» ұжымы халықтық әндерді айтып үйренуде. Баян мен балалайка сүйемелдеп тұрса, шаршы топ алдында сенімді өнер көрсетеді.