Алтай ауданында абаттандыру жұмыстарына 1,5 млрд теңге бөлінді

156
көрілім

Облысымызға қарасты Алтай ауданында көктемгі абаттындыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінде көктемгі абаттандыру қолға алынып, жұмыс қызу жүргізілуде. Жауапты тұлғалар  30 мың шаршы метрге созылған құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Оның барысы қоғамдық кеңес өкілдерінің  бақылауында екені айтылды.
Кенттегі жаңарту жұмыстары былтыр Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай бой көтерген есткерткіштің жанында басталған. Қазір мұнда жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Абай көшесінің бойындағы ұзындығы 600 метр болатын жылу құбырлары айырбасталуда.
Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Нұржан Дәуренұлының айтуынша, құрылыс болып жатқан маңайда кент тұрғындарына арналып баскетбол алаңы, велоалаң және волейбол алаңы бой көтереді.  
- Құрылыс жұмыстары жолдың екі жақ бөлігін түгелдей қамтып отыр. Қазіргі уақытта жауапты компания жұмысшылары жылу құбырларын жаңалауды бастап кетті. Мердігерлердің мәлімдеуінше, биыл жұмыстың негізгі бөлігі аяқталады. Бұған қоса жергілікті кент кәсіпкерлерін қолдай отырып, салынатын алаңда жылдам тамақтану орындарын ашып береміз, - деді әкім. 
Өз сөзінде ол әзірге жаңарту жұмыстары Абай және Школьный көшесінде жүргізілетінін, алдағы уақытта ауылдың басқа да бөлігін жөндеу жоспарда бар екенін жеткізді.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жаңадан салынатын ойын алаңдары сапалы материалдан жасалады. Бұған қоса алаң төңірегінде екі субұрқақ және мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр да бой көтереді.
- Бізге берілген аумақта абаттандыру жұмыстарын былтыр бастағанбыз. Қазір шамамен 8 мың шаршы метрден астам жерге тақтатас төселді. Жол шетіне 2 мың метрден астам жиектас салынды. Құбырларды ауыстыру жұмыстары аяқталысымен ойын алаңдарын орнатуды қолға аламыз. Тұрғындардың көңілінен шығу үшін қажетті жабдықтардың сапалысын басқа қалалардан алдырттық. Жалпы, абаттандыру жұмыстары 30 мың шаршы метрдей жерді қамтиды. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Дәл осылай жалғастыра берсек жыл соңына дейін аяқтаймыз, - деді «СТ Құрылыс» компаниясының өкілі, жоба менеджері Ерасыл Абылов.
Жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары тікелей қоғамдық кеңес өкілдерінің бақылауына алынған.
- Бүгін қоғамдық кеңес мүшелері жиналып мониторинг жүргізуге келдік. Өздеріңіз білетіндей, былтыр кентті абаттандыруға қомақты қаржы бөлінген. Мердігер компания содан бері біраз жұмыс атқарды. Компания өкілдері жұмысты уақытында аяқтаймыз деп отыр. Бұл біздің соңғы келуіміз емес. Алдағы уақытта жұмыс аяқталғанша тағы да келіп, тексеріп отырамыз, - деді облыстық қоғамдық кеңестің өкілі Аяужан Әшімова.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ