Қараша айының 3-і күні өңір тәртіп сақшылары Алтай ауданында заңсыз аң аулау фактісін тіркеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, 45 жастағы алтайлық тұрғын Тұрғысын ауылы маңында аюды қақпанға түсірген. Етін өзі пайдаланып, терісін алдағы уақытта сату жіберу үшін дайындауға әрекеттенген.
- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337 – бабына (Заңсыз аң аулау бойынша) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта келтірілген шығын сомасы анықталуда. Осы баптың санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қазан айының 20-сы мен 19 қараша аралығында облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды анықтауға бағытталған "Браконьер" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Аталған шара басталғалы барлығы 200-ден астам рейд ұйымдастырылған.
- Соған сәйкес 420 табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде 276-ы аң аулау қағидаларын бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар бес браконьер анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, - делінген мәліметте.