Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Бұқтырма өзенінің су деңгейі көтеріліп кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 сәуір күні облыстық жедел штабтың кезекші бөліміне Алтай ауданы Богатырев ауылының тұрғыны хабарласып, ауласына су кіргенін жеткізді. Оқиға орнына жедел түрде аудан әкімі, ТЖД және коммуналдық қызмет мамандары барды.
«Анықталғандай, Бұқтырма өзенінің деңгейі көтеріліп, ауылдың екі тұрғынының үйлерінің ауласына су кірген. Қазірде ШҚО ТЖД, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және әскерилер суды мотопомпамен сору жұмыстарын жүргізуде. Жалпы саны 10 техника жұмылдырылған. Су деңгейі түсуде», - делінген ақпаратта.
Ауласына су кірген екі үйде 4 адам тұрады. Олар эвакуациядан өз еріктерімен бас тартып, туысқандарының үйлеріне уақытша тұрақтады.
Аудан әкімі зардап шеккен азаматармен кездесіп, барлығы қысқа уақытта мемлекет тарапынан қалпына келтірілетінін жеткізді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы